31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні
КСРО республикаларында репрессия 1928 жылдан басталды. Қазақ елінде алдымен Алаш қайраткерлері тұтқындалды. Оларға «ұлтшыл» деген айып тағылды. Салдарынан Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермеков, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Абдулла Розыбақиев, Тұрар Рысқұлов, Мұхамеджан Тынышбаев, Ілияс Жансүгіров және тағы басқа зиялылар ату жазасына кесілді.
Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады. 25 мыңнан астам адам ату жазасына кесілді. Олардың арасында ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері, дәрігерлер болды.
Репрессия жылдары Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Сондай-ақ қазақ жеріне күшпен қырым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері көшірілді. Жалпы елімізге 1 миллион 500 мың адам жер аударылды.
«Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шекті. Олар үшін Қазақстанда АЛЖИР (отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған Ақмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлері құрылды.
Ең ірі лагерь – АЛЖИР, бұл жерде «отанына опасыздық жасағандардың» әйелдері қамалды. Талайдың тағдырын тәлкек еткен мекеме КСРО ішкі істер халық комиссариатының бұйрығымен 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласының жанындағы «Төңкеріс» («Малиновка») елді мекенінде құрылды. АЛЖИР лагері 30 га жерді алып жатты. Оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.
«Қазақстандағы лагерьлерге КСРО-ның түкпір-түкпірінен мал тиейтін вагондармен әйелдерді әкелінді. Бұл вагондарды сол кезде «сталиндік немесе столыпиндік» деп атаған екен. Әйелдер өздерінің қайда келе жатқандарын білмеген. Оларға «күйеулеріңмен кездесесіңдер» деп айтыпты. Ол кезде жылдам жүретін пойыздар болмаған. Сондықтан пойыздар айлап жүрген. Мысалы, Қазақстандағы Ақмола (АЛЖИР) лагеріне әйелдер 2 ай жүргенін айтады», – дейді АЛЖИР мемориалды-музей кешенінің қор сақтаушысы Жанар Ергелдинова «Қанмен жазылған хат» деректі фильмінде.