Қазына

Нұрлыбек Саматұлы (Сафин). Айғырлар

Әңгіме

Мың сан кедергіге ұшырай жүріп, уақыт екінтіге ентелей бере қаладан әрең сытылып шыққан шағын автобус күре жолға түсе салысымен, бір жұлқынып, ілгері ұмтылды.

Автобустың түкпір жағында тізе бүккен Серікбол мойнын зорлана бұрып, бірте-бірте қара үзіп, артта қалып бара жатқан қалаға сүзіле қарады. Миллиондап жусап, миллиондап өретін алып шаһар жат тартып кеткені.

Алдыңғы отырғышқа аузы басын сақал-мұрт жапқан жігіт ағасы жайғасқан. Бұтында қаракөк шалбар, үстінде шымқай қызыл жейде. Төбе шашы сирей бастапты, есесіне желкесі қобырап тұр. Көліктің жүрісі жайланған соң, жанына сүйей салған былғары сары сөмкеге қолын сұғып, «Сарыағаштың» бір бөтелкесін суырып алды да, қылқылдатып жұта бастады. Қаталап қалған екен, бөтелкедегі судың жартысынан астамын өңештен өткізіп жіберіп барып «ух» деп демін алды. Бірге келе жатқан екі серігі есіне енді түсті сірә, көзін адырайтып екеуіне кезек-кезек қарап қойды. Содан соң ғана еңкейіп, сөмкеден бөтелкенің екеуін шығарды. Біреуін қатарында тымпиып отырған шәпкілі жігітке ұстатты. Екіншісін Серікболға ытқытты.

– Өткенде көріп қайттым, – деп сосын көңілденіп әңгіме бастады. – Нағашы ағам үйіріп басқарып отырған жылқы зауытта басымен алысқан екі айғыр бар. Біреуі – сүлік қара айғыр. Екіншісі – бүлік торы айғыр. Нағашым айтат, бірінен бірі өткен сұмдық бақталас дейт. Кездескен жерде шайнаса кетет дейт. Cонысын бір жақ-сы-ла-ап түсіріп…

– Анаң қара, анаң қара! – Осы арада боз женси шалбар, ақ футболка киген жұқалтаң жігіт отырған орнынан еліріп ұшып тұрды. Сақалды жігіт ағасы айта бастаған әңгімесінен жаңылып, ол нұсқаған жаққа еріксіз жалт қараған. Сонда көргені – алыс қиырда басы бұлғақтап, белі ирелеңдап беталды періп бара жатқан жынды құйын.

– Ай-ай-ай! Түсіріп алу керек еді. Мы-ынау деген эпизод! – деді жұқалтаң жігіт бас бармағын қайқайтып. Аптыққан серігіне ренжіген сақалдының қабағы кіржиіп сала берді.

– Өй, соны да… менде құйынның неше атасын түсірген пленка бар. Нағыз кинорежиссер деген солай… запас  жасайт. Тірі жанға көрсетпей тығып, архивімде сақтап жүрмін. Сен бала сөзді бөлме! Аптықпа. Сенің міндетің… яғни, оператордың міндеті режиссер түсір дегенді айнытпай түсіру. Ұқтың ба? Мен қалай түсір десем, солай түсіру. – Ол өкпелеген баладай ұртын томпайтып бір уақ үнсіз отырды да, кенет ойына әлдене түскендей екі алақанымен екі санын сарт еткізіп, қайтадан самбырлап сөйлеп қоя берді.

– Үйретілген айғырларды төбелестіре салсам да қой дейін деп тұрған біреу жоқ. Бірақ соларды бар ғой, тү-үк жақамаймын. Театрдың әртісі сияқты… иланбайсың… нанбайсың. Бастықпен айтысып-тартысып… нағашымды айтып… ақыры көнді-ау.

– Қоқымаңыз! – Оператор жігіт оң қолымен кеудесін ұрып-ұрып қойды. – Қатырып түсіріп берем. Осымен екі кино түсіруге қатысып тұрмын.

– Үйретілген айғырдың төбелесі төбелес емес, – деп даурықты сақалды режиссер оператордың сөзін елемей, – ал, мыналар… айтпа деймін, сұмдық! Нағашыма сенем. Осыдан бар-ау, дұрыстап түсіре алсақ…

Бұлардың тәжікесін тыңдауға Серікболдың зауқы жоқ. Ойы сан-саққа кетіп, көкірегін әлдеқандай мұң торлап алған. Алыстан бұлдырап көрінген қала жаққа өгей көзбен тағы бір мәрте көз тастады.

 

* * *

 

…Көрші шалды күн сайын нөл-нөл алтыда есік алдынан көресің. Жайына қарап отырмайды. Айналдырғаны осы аулада жуырда пайда болған Серікбол. Сұрақ қойып, қажай бастайды.

– І-і, ал… баста әңгімеңді! Қайдан келдің, руың кім, қандай қызмет қылдың? Айт, қысылма.

– Ауылда көркемөнерпаздар үйірмесін басқардым, – дейді бұл күмілжіп.

– І-і, культура екен ғой. – Менсінбегені ме, танауын шүйіреді. – Иә, содан… айта бер, бөгелме.

– Мәдениет үйі жекешеленіп кетіп…

– І-і, құрттық де… сатып жібердік де… Какое безобразие! Халықтың мүлкін… тонау ғой мынау!

Серікбол үндей қоймайды.

– І-і, шамасы үлесте сен де бар боп тұрсың ғой. Айтшы ал, әйтпесе мынадай қымбат пәтерді қай ақшаңа алар едің?– деп өзеурейді. – Келін баланікі не қызмет?

– Сауда ғой.

– І-і, алыпсатар десей.

– Иә, алыпсатар. Әуелі ауыл арасында, сосын қалада…

– Қалай, жүріп тұр ма қолы?

– Жаман емес. Жақсы.

– І-і, әй, өзім де әулие екенмін, – дейді басын шайқап қойып, – осы бала тым жуас, жуас адам не тындыра қояр дейсің деп ой-л-а-ап жүруші ем, дәл үстінен түсіппін. Әй, сен… көңіліңе ауыр ап қалма, қазір бәрі солай, еркек үйде омалып, әйел түзде жортатын заман. Ал мына біз… мына біз горком комсомолда жүргенде…

Ширек ғасыр бұрынғы қызметін ұзақ-сонар қисса ғып жырлап отырғанда, бұл өзінен жеті жас кіші Дәмегүлді мектеп бітірте салып, қалай қақшып түскенін жадында жаңғыртады. Қазір ойлап қараса, обалы не керек, жас келіншегі түскен жеріне тастай батып, судай сіңіпті. Ауылдың кәдімгі кеңетек әйелдері сияқты ол да еркегінің тапқанын ұқсатып, ел қатарлы қоңырқай күн кешіріпті. Сүйтіп жүргенде заман құбылып, совхоз тарасын. Тірлік сиырқұйымшақтанып, ел жүдей бастасын. Жүдей бастаған ел көркемөнерпаздар үйірмесін қайтсін, домбыра ұстағандар мен баян арқалағандар, ақыры, жөндерін тауып, той жағалап кетті. Дәмегүл қатарлы келіншектер қолы жыбырлап саудаға кіріскен. Соларға жуас келіншегі қалай қосылып кеткеніне қазір өзі де қайран. Бұл болса үйде қарауыл. Екі көзі бозарып, баққаны екі жүгірмек. «Мамаларың келмегелі айдан асып кетті-ау» деп, тырнақтай екі ұлға мұң шағып, көңілі ортайып, түннің бір уағына дейін дөңбекшіп ұйықтай алмай жатқаны. Ақыр аяғы… бір күні «көшеміз қалаға» деп дүрсінген хабар жетсін. «Қой-ау, нағыл дейді!» Қапелімде қай ағайынымен ақылдасарын білмей асып-сассын. Өмірі ойламаған нәрсесі. «Ау, қалай, қалайша?» Сенер, сенбесін білмейді. Сенбейін десе, «күні ертең жөнейміз» деп Дәмегүл буынып-түйініп, алған беттен қайтпай отыр.

– Құдай бізге қарасып тұр, – дейді келіншегі жымың-жымың етіп.

– Әй, маладес, маладес, – дейді бұл аузына жөндем сөз түспей.

Бөлекше бір қуаныштан жүректері жарылардай алып-ұшқан екеуі түн ауғанша ұйқыны ұмытып, болашақ барар жер, басар тау жайында қиялға бойлаған.

– Ұлдарың үлкен қаланың мектебінде баратын болды, – дейді Дәмегүл қуаныштан бал-бұл жайнап.

– Мектебі жақын ба екен? Таба ала ма дегенім…

– Қалада баланы сабаққа қол қойып кіргізеді екен. Сабақ біткесін алдым деп тағы қол қояды екенсің журналға.

– Күнде-күнде қоя бере ме екен қолды?

– Келіншектер сөй дейт.

– Ә-ә, – дейді бұл өзінің ендігі міндетіне өзі таңырқап.

…Есік тарс бекітілді. Терезеге шеңгел бастырды.

– Анда бәрі бар, – дейді Дәмегүл. – Іштеңе алма.

Ананы бір қармап, мынаны бір қозғап ескі-құсқы дүниесін қимай алақтаған бұны білегінен қысып ұстап, ес жидырмай жұмбақ өлкеге жетелей жөнелген.

Алып шаһардың ығы-жығы сапырылысын көріп басы айналып, көзі бұлдырады. Бұлардай емес, Дәмегүлдің қалаға бойы үйренген, қимыл-қозғалысы жеп-жеңіл, қырғауыл құстың мекиеніндей лыпып тұр. Жетекке іркіс-тіркіс ілескен бұларды әлдебір зәулім үйге адастырмай алып келді.

– Міне, мынау біздің үй! – Пәтердің ап-ауыр темір есігін айқара ашып кеп жіберсін. Үш бөлме. Үшеуі де жұтынып тұр. Екі ұл санын шаттана шапаттап, бөлмеден бөлмеге өтіп, асыр салып шапқылай жөнелген. Бұл әжетханаға дейін ашып көріп, әр нәрсеге таңырқап қарайды.

Ертесі адамды сексеуіл тиегендей кептеп алған автобусқа мінгесіп-ұшқасқан екеуі базарға аттанды. Құдай сақтасын, дүниенің бар адамы осында, тасқындап келіп жатыр, тасқындап кетіп жатыр. Өңмеңдеп. Кимелеп. Арба итеріп. Ала қап арқалап. Бірін-бірі жайпап. Көз тұнып, бас айналды. «Жұмыс осында, – дейді Дәмегүл. – Сатушымын!» «Адасып қалмай, қалай аман жүрсің» деп бұл да айқайлап сөйлеп, келіншегінің білегінен тас қып қармайды.

– Ойбай, жап аузыңды! Ұры көп мұнда! Үніңді өшір! – дейді Дәмегүл көп білетінін аңғартып.

– Қойшы! Не дейт!

Бұның тұла бойын үрей билейді. Қала барған ауылдастары айтатын алуан-алуан әңгіме осы кез сап етіп, ойға оралады. Олар тіпті иін тірескен нөпірді сыналап кеп, кірш еткізіп май құйрыққа біз сұғып алды дейді. Ойбай деуге шамаң келмей, аш күзендей бүгіліп, аяқ астына бүктетіліп түскенде, қойын-қонышыңды тінтіп үлгереді дейді.

– Қазір қожайынды көрсетем. – Дәмегүл бұның құлағына аузын тақап, сайрап келеді. – Олар өздері тұрып сауда қыла алмайды. Сосын бізді жалдайды. Одан айырылып қалмауымыз керек. Айырылсақ… дымсыз қаламыз.

Шалбар киген келіншегінен қалып қоймайын дегендей, аяғын жедел басқан бұның ой-санасы екіұдай. Сөйтіп келе жатып, келіншегінің тар шалбардан айқындалған мүсініне сүйсіне көз салып қоюды ұмытпайды.

Қожайын дегені бойы мыртық, маңдайы тыртық, көрер көзге келбетсіз қысық көз албасты біреу. Өзінен аумай қалған тағы бір өңсізбен шаң-шұң сөйлескенде, осылар әлденеге келісе алмай, керісіп тұрған жоқ па екен деп қауіп қылғандайсың. Шаңқылдасқан жатжерлік екеудің сөйлеген сайын жиырылып-жазылып, мың құбылған бет-жүзінен көзін ала алмайды.

«Жердің түбінен сескенбей қалай кеп жүр, ә! – Әуелгі ойынан, бірақ тез айныды. – Аңғары сүйенетін мықты біреуі бар-ау!»

«Жең ішінде жасырған қанжары болады дейді!»

«Қалтасына наган салып жүрмесін!»

Серікбол өне бойы секемшіл ойдан арыла алмайды. Секемденіп тұрып, жүрегін әлдебір қуаныш қытықтайды. Қуанып тұрып, қапелімде қобалжи бастайды.

Білмейді, осы Дәмегүл қауіп ойлай ма, ойламай ма?

 

* * *

 

Қаны қарайып, жүйкесі жұқарған кинорежиссер соңғы сәт от басқан тайлақтай безектеп кетсін. Басынан әлдеқашан жұлып алған қалпағы умаждалып қолында жүр екен, құлаштап жерге атты.

– Қайтар! Қайтар нәлеттерді! – Өңеші жыртылғанша айқайлап, тамағы қарлығып қапты.

Қос айғырдың арқырай кісінескеніне елігіп, шабыс тілеп, тынши алмай тыпыршыған аттарының басын еркіне жіберген жылқышы жігіттердің қиқуы сойқан. Сытылып шығып, әрқайсысы аулақта қалған өз үйіріне қарай сынаптай сырғыған қос айғырды қаққанда қанын, соққанда сөлін алып, тықсырып қайыра қуып келмек. Олардан көзін айырмай, ызаға булыққан режиссердің бет әлпетін көмген сақал-мұрты ұйпа-тұйпа.

Сиыр сәскеден бері ап-ауыр кинокамераны әрі тасып, бері сүйреп қалжыраған опаратор жігіт қалт еткен сәтті пайдаланып, көк шалғанға жауырын төсеп жантая кеткен. Шекесі құрысып, үш ағаш мосыға қондырған асай-мұсайына ербие қарап, ауық-ауық көз сүзіп қояды. Омыраулаған есірік немелер жолындағысын апырып-жапырып кеп қалмасын, кеп қалса көздері түк көрмей қағып өтіп, қиратып тастамасын деп қауіп ойлайды. Камера қираса, онсыз да төзімі тоз-тоз боп, тызақтап біткен режиссер селдіреген төбе шашын  уыстап жұлар.

Бұлардың әуре-сарсаңын сонадайдан бақылап, айналсоқтап жүрген торғай көз қарауыл шал бері беттеді.

– Ау, інім… інім-ау! Менің бір түсінбегенім, тап осы екі айғырды қырылыстырмасаң киноң кино болмай қала ма? – Торғай көзі жылтырап, сампылдап сөйлеп келеді. – Айтшы, болмай қала ма?

– Болмай қалат! – деп барқ етті кинорежиссер. – Ақсақал, сіз не… кино туралы сізде түсінік жоқ. Біліп қойыңыз, кинода оқиғаның шарықтау шегі деген болат. Бұл – сол! – Сұқ саусағын сорайтып аспан жақты нұсқады. – Кульминация!

–  Әб-бәсе, бәсе-е, – деді анау торғай көзін қақпай.

– Не бәсе?

– Түрің жаман, қырып барасың. – Қайда барса қолынан тастамайтын өрме қамшы етік қонышына сарт етті. Бұл оның бұрылып алып, жөніне кеткені. Режиссер жүзі күреңітіп, жауап таппай дағдарған.

Айғыр төбелесті келген бетте апыр-топыр таспалап тастаймыз деп дәмеленгенін айтам-ау. Нәлеті, оп-оңай бола қалатын шаруа емес сияқты, іс бүгін де шатқаяқтап тұр. Әншейінде көздерін ызалана алартып, шайнаса кетердей ауыздарын арандай ашып, маңайды бастарына көтере азан-қазан кісінесіп бітетін нәлеттер, не бәлесі барын қайдам, камера алдына келгенде жындары басылып, жуаси қалады. Бұ жолы да… қосаяқтап шапшып көкке атылғанын қайтейін, тұра-тұра қалысып, дүрс-дүрс тебіскенін қайтейін, оператор камераны көздей бастағаннан-ақ, «менің сенде шатағым қанша» дегендей құйрықты көкке шаншып тастап, жолындағысын апырып-жапырып, бұрылып алып безе жөнеліскен. Қансорпа болған жылқышыларға қайыру бермей, алабас айналып жүргені анау.

Барып кел, шауып кел үшін режиссерге көмекші боп жалданған Серікболдың өңі құп-қу. Жақ жүні үрпиген, маза жоқ. Аласатта әлекке түсіп жатқандарға анадайдан тастаған көзі боп-боз. Сүлесоқ. Өзімен өзі.

Жылқышы жігіттер қос дүлейдің апшысын қуырып, қатар-қатар тақтай шегелеп, қоршап тастаған кең албарға қайыра қуып тығыпты. Тап бір қасапхана иісін сезгендей алапар қағып, аласұрған немелердің көздері шарасынан шығып кеткен. Түк көрмей сеңдей соғылысады. Құрықтан қаймығуды қойған. Екі аяқты пәлекеттердің көкейін не тесіп бара жатқанын ұға алмай шыңғыра кісінеп, көкке шапшиды.

Қапысын тапқан бір кез ор қояндай ойнақ салып, екеуі де жырыла қашты. Үйірге өзінен бұрын шелектей басын аман жеткізгісі келе ме, қос құлағын жымып, мойнын алға созып, ағыза жөнелісті.

Шарасы түгесілген режиссер қос айғырдың соңынан айқайлап боқтап қала берген.

Жалқы зауыты орналасқан дөң етегінен басталып, сонау көкжиекке қарай далиып жатқан жазықтың әр қиырын жайлағын қос үйір жылқы тағы да дүрлігісіп, бір уыс боп үрпиісе қапты. Бастарына не зауал түскенін ұқпай, үркесоқтап мойын бұрып пыр-пыр осқырады.

Біреу қарауыл тамнан бері қарай жын қуғандай құйындатып шауып шықты. Жуықтап келгенде таныды, торғай көз қарауыл шалдың немересі. Шабдар тайға жайдақ мінген. Етегі желп-желп. Қос қолын көкке сермеп, қиқулап қояды. Бұлар көз тоқтатып үлгерген жоқ, құйындатып жетіп-ақ келді. Тайдан дік етіп түсе қалып, бастық дәу де болса, сен шығарсың дегендей сақалды адамға ұмтылды.

– Атам айтат… қойсын дейт… айласы бар дейт… – деп, жөндеп сөйлей алмай, аптығып тұр. Танауы делдиіп кеткен.

 

* * *

 

Добалдай ши сыпырғыны қолына алып, күндегі әдетпен «Қазақфильмнің» кең ауласын сыр-сыр сыпыра бастап еді. Еркек басымен әйелдің қолына қарап қалмайын деп тапқан жұмысы. Көрші шал айтпақшы, культураның маңы.

– Інішек, ау, інішек!

Біреу анадайдан дауыстап, қолын бұлғап, желе жортып келе жатыр екен. Тани кетті. Бет-аузын сақал-мұрт көмген режиссер. Өзі сияқты аула сыпырушы пақырларға мойын бұрмастан, сәлем жоқ, сауқат жоқ, кимелеп өте шығатын көкірегі аяққаптай неме. Бұ жолы неге олай бола қалғанын қайдам, келе бұның қолындағы сыпырғыға жармасып, іргеге қарай ысыра салды.

– Інішек, былай боп тұр. Көмекші керек… кино түсіру ғой. Ақшасын аласың. Қорықпа, бастығыңа айттым.

Бұл оған жауап берудің орнына, ұйысқан сақал арасынан сүйреңдеп көрінген қызыл тілінен көз айыра алмай, жалтақ-жалтақ қарай беріпті.

– Екі… әрі кетсе үш күн іссапар. Қалай, барасың ғой?

– Баруын барам ғой…

– Бітті онда. Әбеттен соң жөнейміз.

Ұшып базарға жетті. Жол жүретінін, балабақшаға бүгін бара алмайтынын Дәмегүлге ескертпей бола ма? Топынған нөпірмен кимелесіп келе жатыр еді, келіншегімен бірге сауда қылатын жалпақ бет қара қатын қарсы ұшыраса кеткені.

– Апасы, ау, апасы… Дәмегүл…

Ол әй-шай жоқ, білегінен тас қып қармап, былайырақ алып шықты. Біреу-міреу сөзімді естіп қалмасын дегендей, маңайына алақ-жұлақ қарап қойып, құлағына аузын тақады. – Сен балаға айтсам деп жүрген сөзім бар. Айтайын… сенің анау келіншегің… соны сен байқап қойшы… біздің қазайынның ойы жаман сияқты….

Жалпақ бет қара қатын лақ еткізіп айтарын айтып салса да, «осыным бекер болды-ау» дегендей қипалақ қақсын.

– Қойыңыз! Үйтпейтін шығар…

– Жәй ескерткенім… жаным ашығасын… Дәмегүл ме? Дәмегүл үйге кеткен… біртүрлі мазасы қашып, ауырып тұрды-ау… – деді де, жолақ-жолақ шалбарын тырсита керген бір құшақ бөксесін тез игеріп, асығыс жөней берді. «Өсекті қалай шұбыртады, ә!» Сүйтсе де, көкірегін алғаш рет әлдеқандай қызғаныш кернеп бара жатқанын аңғарды. Үйге жеткенше жүрегі қыз-қыз қайнап, бір тарқамады. «Көне қалатын адамды тапқан екенсің, әкең…»

Жоғарғы қабатқа тепкішекпен асығыс көтеріліп келе жатыр еді, қарсы алдынан одыраңдап шыға келген біреумен соқтығысып қала жаздағаны. Қараса, екі беті жылтыраған анау… жатжұрттық, базардағы қожайын. Бұған көзінің қиығын да салған жоқ. Жанынан жылдам басып, екпіндеп өте шықты. Үстінен ашқылтым әтір иісі аңқып барады.

Көңілі алабұртып, жүрегі атқақтап кетті. Бұрқ етіп қаны басына тепкен. Шеке тамыры лып-лып. Ішін өрт жалап, өкпе-бауыр, қолқа-жүрек түгел шыжғырыла қалсын. Пәтеріне өңі күреңітіп, терлеп жеткен бойда, қоңырау түймені шұқылап жатпай-ақ, есікті жын ұрғандай періп-періп қалыпты. Темір есік сарт етіп ашылды. Ашқан – Дәмегүл. Иығында жеңіл халат. Өңірін түймелеп те үлгермеген. Ол бұның өрт сөндіргендей түтіккен түрінен шошып кетіп:

– Ой-и! – деп шоршып түсті.

Бұл екпіндеткен күйі жанына қалай жетіп барғанын, қолын қалай сермеп, аямастан қалай осып жібергенін кеш аңғарды.

Шынашақтай келіншек көзінен ұшқын төгіліп, алақанымен бетін баса бүгіліп түсті. Жасқаншақтап, буынын билей алмай қалш-қалш. «Сүмпиген мұрнын сүріп жіберсе ғой». Ұмтыла беріп, жанарынан  жалыныш көрді. Өзін өзі әрең тежеді сосын. Көтере берген қолы сылқ түсті. «Бітті! Біткен деген – осы!» Осы жетті түйсігіне. Буын-буынын майда діріл жайлап бара жатқанын аңғарды. Өзін қоярға жер таппай, төргі бөлмеге өтті. Адымдап басып, ас үйге кірді.

Терезе алдында теріс қарап тұр. Жауырыны бүлк-бүлк. Танауы пыш-пыш.

– Бәрін білем, – деді бұл дауысы тарғылданып.

Ол өксігін баса алмастан, көзінің астымен жасқана қарады. Одырая қалған бұл кенет долданып кетіп, үстел үстінде тұрған кесені іліп ала сала, солай қарай жіберіп ұрсын. Кесе қабырғаға соғылып, қақ айырылды. Сынығы ұшып кеп келіншегінің маңдайын тіліп түскені. Бұрқ еткен қан сорғалап, иекке жетті. Шошынып, еңіреп қоя берді. Тоқтамастан егіле жылады.

– Ұр ал! Ұрып қал! Қолыңның қышуы қанғанша ұр! – деп бақырды ол. – Ұр деймін мен саған!

Қанды көріп, қаһары қайтып қалды ма, қайыра қол көтермеді. Бар болғаны жұдырығын тас қып түйіп, тістеніп апты. Іші әлем-жәлем. Алау-далау.

Қолына іліккен орамалды жарақатына баса жүріп те сықсыңдап жылаудан тыйылмады.

– Қысқарт! Ағызба сораңды! Сорыңды ұрайын… жаңа көрдім… шықты ғой осы үйден…

Оқты көзін Дәмегүлден айырмай, ақырып қалды.

Ол демін ішінен алып, бірауық тілсіз сазарды.

– Ақымақ болдым… – деді бір кезде қырын қарап тұрған күйі. Сыбырлап айтты. Сыбырласа да анық естілді. – Балдар үшін… амалым құрып көндім ғой…

Серікболдың көңілі бір суынып, бір ысынды. Кер жыландай жиырылып-жазылды. «Төртінші қабаттан секіріп өлейін, одан да» деп бір оқталды. «Дарға асылып қалайын» деп бір түйілді. Ойы сан-саққа лақты.

– Құрысын… шаршадым… қажыдым… – деді Дәмегүл өзегінен жалын атып. – Қаласы да құрысын… үйі де құрысын… Құрып кетсін. Мынау пәтер сонікі… Біздікі емес. Соның мүлкі… Қайтып алсын. Ауылымызға кетейік. Аш болайық, жалаңаш болайық, ауылымызда… өз үйімізде тыныш отырайық…

Жас парлаған жанарында жалғыз сұрақ. «Не дейсің, айтшы өзің?»

Бұл жағы қарысып, міз бақпай бір сәт сілейіп тұрды да, дымы құрып жанында тұрған орындыққа сылқ отыра кетті.

Көз алдына шаңы бұрқыраған ауыл жақ тізбектеліп келе қалғаны. Аңғал-саңғал үйі ойға оралды. Жұмыссыз қалып, табыссыз жүрген қиын күндер еске түсті. Бүйірі опырылып, құлауға шақ тұрған қой қора санадан қуса да кетпеді. Сетіней көшкен көршілер де елес берді.

Жүрегі дірілдеп, көңіліне бір түрлі үрей кірді сосын.

Сылқ етіп отыра кеткен орнынан қайта тұрып, үн-түнсіз тысқа беттеді. Қайда барады? Білмейді.

Бір қараса, кеп тұрған жері – «Қазахфильм».

Шағын автобус дүр-дүр етіп оталып тұр.

Елден ерекшеленуді сүйетін режиссер бұл жолы бұтына қаракөк шалбар, үстіне шымқай қызыл жейде киіп алыпты. Шыдамы таусылып, әрлі-берлі адымдап, теңселіп жүр.

Дайын тұрған көлікке мінді де, жүре берді.

 

* * *

 

Сүлік қара ышқына шыңғырып, қауға тиген өрттей лапылдап көкке атылды. Жұмыр мойынға сарт етіп оратыла кеткен қыл бұғалықты жандәрмен бырт-бырт үзіп кетпек боп, шиыршық атты. Жұлқынған сайын тынысы тарылып, осы жаңа ғана көз алдында жайнаған көк-жасыл дүние демде қанқызылданып, ілезде қуырылып сала берген. Сом білек, сұм айлаға қарсы қылар дәрмені сарқылып, мысы құрыды. Иліктіріп, мәжбүрлеп әкетіп барады. Көндікпеске, бүлкек желіске салмасқа шарасы қалмады. Көндікті, бүлкек желіске салды. Сол-ақ екен, кең дүниені тарылтқан бұғалық босаңсып, тынысы ашылып сала берді. Делдиген кең танауы құшақ-құшақ желге толды. Желп-желп етті. Кілт бұрылып, сонау бір тұста пері айналып өткендей боп үрпиісе қалған үйір жаққа жұлқа ұмтылып еді, қыл шылбыр қайтадан қылғындырып, буа қалды. Дөңгеленген дүние тағы да тарының қауызына сыйып жүре берсін. Бағанағы бүлкек желісін қайыра тапсын.

Жылқышы жігіт масайрап, күрек тісі ақсиып, сақ-сақ күледі. Мерейі үстем. Қыл шылбырды ер қасына күрмеп орап тастапты, қалғаны шұбатылып тақымда жүр. Асау айғыр аласұрған сайын ол да еліріп, оңды-солды қамшы сілтеп, өршеленген сықпыты жаман. Көрдің бе мені дегендей, кең даланы басына көтеріп ұлы қиқуға басқан. Жуан мойын, күпшік сан дүлейді бастықтырып, соңына мөлтеңдеткеніне мәз.

Торғай көз қарауыл шалдың пәрменімен сүлік қара шағын автобустың дөңгелек теміріне мықтап байланды.

– Айда үйірді! Жын-пері құсап құйындатпа! Ауанымен айда. Дәл осы арамен қаптат! – деп әмірі жүре бастаған қарауыл шал айқайды салып жатыр.

…Сүлік қара кенет басын сілке көтеріп, аузын арандай ашып, арқырап кісінеп жіберді. Пысқырынып, оқырынған үйір жанап өтіп барады екен. Арасынан шіңгірлей кісінеген құлын-тайдың дауысы шалынады. Биелер пұшайман күй кешкен айғырға мөлие бір-бір қарайды да, сол көргеніне жазықты боп қалғандай көздерін дереу тайдырып, бастарын төмен сала қояды. Олардың осы бейопа қылығына күйінді білем, сүлік қара екі көзі алақандай боп шақшырайып, қышқыра кісінеді. Бұл жолғы кісінесі қысқа-қысқа. Жұмыр біткен кесе тұяғы тарсылдап жер тарпыды. Үйір ішінен бауыры жарқырап, басы кегжеңдеп жасаң ақ байтал бері жырылып шықты, адуын айғырдың зарпына шыдап тұра алмады, сірә. Жаңбырлығы жыбыршып, ұршығы үйіріліп топ-топ басып, маңайлап жүріп алды. Құйрық-жалы күлтеленіп, кекілі білтеленіп, көзінен әлде әуестік, әлде таңданыс, әлде үрей байқалады. Сүлік қара басын мазасыз сілкілеп, орнында тыныш тұра алмай тыпыршый берді. Сілкінген сайын шоқпардай кекілі желп-желп көзіне түседі. Күмбір-күмбір кісінеді. Кісінеген дауыстан жас байталдың ақ сайтаны безініп, ілезде жуасыды, иегін ілгері созып, мойнын төседі, қара айғырдың алқымы астына сұғынды.

Тағы бір дүбір. Сүлік қара қамыс құлағын қайшылап, дүбір жаққа осқырып-пысқырып, ошырыла қайырылған. Құлаққа дүбір тисе делебесі қоза қалатын ежелгі әдет. Ақ байтал айғырдың алды-артына кезек шығып, шыбжың қағып, тынышынан айырылған.

Бұғалық астында бұлқынып, тулап келе жатқан торы айғыр екен. Жылқышылар оны сүлік қара сияқты байлап-матап әлекке түспеді, бұғалықты сыпырып алып, сауырдан сарт еткізіп бір салып, аумағы ат шаптырым кең албарға бос қоя берді. «Құтылдым ба, бәлем» дегендей ол-дағы көтен түбі білеуленіп біткен бір құшақ құйрығын қос аяқтап теуіп, ойнақтап шыға келген. Біресе айнала үркіп-жосып, біресе текірек сақ желіске салып байыз таппады. Соңына қиқу ілеспеген соң екпінін тежеп, алаңсыз аяңға көшті.

Жылқышы жігіттер ақ байталды айғырынан айырып, қос қапталдан қаусырып айдап, оны да албарға сүңгітті. Айғыры бір пәлені сезді ме, албар сыртында тұрып шұрқырап кісінеп жіберді, көкке атылып, қыл шылбырды үзіп кетердей шіреп тартты. Ақ байтал да оқырынып, сүлік қара жаққа ұмтылып, тақтай қоршауды төсімен соққылап аласұрды.

Басын қақшаңдата ұмтылған торы айғырдың түрі жаман. Ақ байтал төзімі тозып, тақтай қораны жағалап жанұшыра шапқылап кетті. Төніп келген ошақтай омырау астында қалып қоймаудың әрекетін қылып, сымдай тартылып, самғай ұшты. Аққан жұлдыздай сызылды. Тегеуірінді торы айғыр тап бастырмай құйрық тістескен. Иегін сүмпиген сауырға салып жіберіп, құйрық түптен батырмай шымшып тістеп қояды. Байтал шіркін де оңай көнгісі келмейді-ақ, ығын тапқан кез бөксесін жеңіл көтеріп, артқы аяқты жұптап сермеп қалады. Кетіліп үлгермеген жұп-жұмыр жатаған тұяқтың сарт-сұрт соққысын торы айғыр шыбын шаққан құрлы көрмейді, қайта оның бұл қылығы жанына жаға түскендей, астыңғы ерні елпілдеп, үстіңгі ерні желпілдеп қыр соңынан бір қалмайды. Аламайын айғыр бауыры сүйкеп көрмеген жас байталдың албастысын басып, дегеніне көндірмей қоймайтын түрі бар.

Ақ байтал қайда ытырынса, ызалы көзін сонда шапшытып, төрт тұяғына тыным таптырмай тыпыршып тағаты таусылған қара айғырды тіпті де қаперіне ілер емес. Ақ байталдың бұлтылдаған мықыны мен жылпылдаған шап орайынан өзге дүниені түгел ұмытқан. Есіл дерті алқым астында бұратыла ағараңдап, жосып жүрген жас байталда.

Қан қыздырар ойыннан жалыққаны шығар, кенет қазандай басымен жамбас тұстан періп өтті. Байтал байғұс тірсегі майысып, қабырғасы қайысып, тәлтірек қағып ығып жүре берген. Шабыстан қалып, жыбырлақ желіске ауысқан. Өне бойы арқырап біткен әккі айғыр осы сәт белін сілки серпіп, күпшек санға күш түсіріп кеудесін тік көтеріп әкетті, алшайып аттап барып ақ байталға аяқ артты. Сусып шығуға үлгертпей, шаптан қармай қысып, бауырына қарай жұлқыған. Қапысыз дәл түйрепті. Жас байталдың белі күтірлей қайысып, мойнын тұқыртып, жағын әнтек қайшылап, сала құлаш қып тілін шығарып жіберді. Теңселіп кетті. Жанары мөлт-мөлт боталады.

– Жарады! Жарады! Ой, пәлі-ай! – Қарауыл шал қыбы қанып, қопаңдап жүр. – Ақ байталдың да тұқымы асыл. Торыдан қашты ақыры.

Режиссер операторға бұйрық-жарлық беруді ұмытып, жұтқыншағы жыбырлап, алайған көзін қадап, тамсана береді.

Кенет қара айғырдың ышқынып кісінеген дауысы төбе шашты тік тұрғызардай тым ащы естілді. Есуі берік шылбырды қылмойынға кептеп, жұлқа ұмтылды. Қылтамақтан орып жібергендей қорқырағаны, өлімін салып аласұрғаны тым үрейлі. Шағын автобус орнынан жылжып, шайқатылып кетті. Қарауыл шал шойнаңдай басып барып, арқанды жедел қиып жібермек боп жанталасып жатыр. Кездігі түскір жүзі қайырылып, қылға бата қоймай едәуір әуреге салғаны. Ақыры арқан сетінеп барып сөгілді, айғыр шірей тартпағанда о да жоқ еді. Басы босай сала сол тұрған орнында ұршықша үйіріліп, төрт тұяғы жерден сәтке ажырап, көкке шапшыды. Қол созымда қалқиған тақтай қоршаудан бір-ақ ырғып, ішке топ ете түсті.

 

***

 

Жылқы зауытын аулақтан айналып өтетін күре жолды бетке алып, асығыс жаяу тартқан Серікболдың көз алдынан бірінен бірі өткен қос айғырдың айқасы кетпей қойғаны.

…Ішегін тартып, ышқына кісінеген сүлік қара тақтай қоршаудан бір-ақ ырғып, ішке топ ете түскен бойда қара жерді төрт тұяқпен төмпештей соғып, торы айғырға қарай төтелеп, тура салған. Тарпып, таптап тастардай етектей ернін жиырып, арандай аузын қайшылап, қазандай басын шайқап, долдана ұмтылды.

Торы айғыр шіркін, осы жаңа, тап осы қазір ғана татқан тоятына тоқмейілсіп, аяғын ырғап басып, қанжар құйрығымен дөңгелек сауырын сипай ұрып қойып, аулақтай беріп еді. Қара айғырдың дүлейлі сықпытын көз қиығы шалған бетте желке жалы желп етіп, бұлан мойнын оқыс бұрып, қалт тұра қалды. Күркіреп оқыс кісінеді. Келсең кел дегені ме, о да атылып көкке шапшыды.

Тұла бойын ыза буып, ашу кернеген қара айғырдың қан толған көзі түкті де көрмейтін сияқты. Қарсы келген торы айғырды бар пәрменімен қапталдап соғып өтті. Ыңқ-ыңқ еткен үрейлі дыбыстар адамның зәресін ұшырып қатар естілді. Толқын шайқаған кемедей екеуі де теңселіп барып түзелді. Қайта қайырылды. Долы екпінін тежей алмай, қасарысып қарама-қарсы келген қос дүлей артқы аяқтарымен тік тұрып кетіп, алдыңғы аяқтарын адамша серместі. Болат тұяқтар сарт-сұрт соғысты. Қайырыла бере қос аяқтап шірене тебісті. Тұяқтың тілерлігі тиген жерде ойылып ізі қалды. Әп-сәтте қым-қиғаш аласапыран айқас басталды да кетті.

Тепсінген тұяққа шыдас бермей қара жер түтіліп, ойран-ботқасы шықты. Таралып өскен ажырық шөп тамырынан ажырап қалып жатыр. Тұяқтар ойып-ойып топырақ лақтырысты. Көкке бұрқ-бұрқ қою шаң көтерілді.

Тасырлай шауып тоқтала алмаған сүлік қараның екпіні ересен. Бақталасы басын шұлғып, мойнын төмен иген бір сәтте желкелікке азу басты. Сол бойда тұқыртып тастамақ еді, анау басын кекшең еткізіп оқыс көтеріп алғаны. Сүлік қараның езуінде бір уыс қыл кетті. Желкелігін күрек тіс кескен торы айғырдың да қас албастысы қозсын. Қаны қызынып ойнақтап шыға бере, бөктеріншектен о да қапты. Қарсыласы шыңғырып көке атылды. Қайырылып кеп алдыңғы қос тұяқпен торының басынан көміп-көміп өтті. Маңдай тұсынан тұяқ жауған торы бір сәтке есеңгіреп, көткеншектей бергенде, анау азуды топшыға қарпып салып, ырғап-ырғап жіберді. Қос танауы пырылдап, демі жетпей, тілерсегі бүгіліп, шоңқиды да қалды. Бастан асыра секіріп қара айғыр кетті.

Торы аунап барып қайта тұрды. Тұла бойын тер жуған, дүр сілкінгенде мөлдір моншақ шашырай төгілді. Тіс тиген жердің терісі жұлым-жұлым, қан сорғалап тұр. Аунап түскенде топырақ жабысыпты. Басынан секіріп өткен қара айғыр сол екпінмен анадай жерден әрең қайырылып еді, торы айғыр төпей шауып, төніп-ақ қалыпты. Қан тілеген екі көзі қып-қызыл, жел үрген шоқтай жайнайды.

Ошақтай омыраулар дүрс-дүріс соғысып, бірін бірі қағып өтті.

Шыңғырған, кісінеген, қорқыраған, осқырынған, пысқырынған әлемтапырық дыбыстардан құлақ тұнды.

Қапысын тапқан торы енді сағақтан азу басты. Долданып бұлғап-бұлғап қалды. Дем жетпей танауы желп-желп еткен сүлік қараның шарасынан шыққан көзі алақ-жұлақ. Етектей ерніне ие бола алмай жағы қисайып, белі бұратылып, қапталдап ауып бара жатыр. Тұншыға қорқыраған дыбыс шалынды. Алқымын қара қошқыл қан жуған. Торының да кеңсірігі айғыз-айғыз. Сілесі тастай қатып, сүлік қараны бауырына баса жығылды. Басын торының бауыры астынан босатып ала алмай, жанталасқан қара айғырда қаумет қалмаған сірә, аяғын әрең серпеді. Осы сәт қапелімде тұрып кете алмай тыпырықтап  жатқан торы айғыр басын қақшаң еткізіп, оқыс көтеріп, қос танауы желбіреп, жан дәрмен қышқырып-қышқырып жіберді. Аңғалағы кеңейіп, тостағандай боп аларған көзінен қос уыс жас ыршып төгілді. Тыпырлап жатқан жерінен түрегеле бере, оң қапталына гүрс етіп құлап түсті. Бұрқ етіп көкке шаң көтерілді. Тұмсығын шабына қарай соза бере, мойнынан әл кетіп, томардай басын жерге тастай салды.

Тұншықтыра басып-жаншыған пәлекеттен құтылған қара айғыр ыңыранып әрі аунады. Аузында әлдене жүр. Ұмасымен қоса қыршып тістеп, жұлып алған айғырдың үлпершегі.

Торының ұмадан адаланған шабы қып-қызыл қанға боялған. Көкке қарап шошайған аяғын баяу ғана қозғады да, со бойда жантәсілім етті.

Қара айғыр үш ұмтылып орнынан әрең тұрды. Әлсіз ғана сілкініп, тәлтіректеп ілгері басты. Үсті-басына жабысқан топырақ термен езіліп айғыз-айғыз, сатпақ-сатпақ. Алқымнан саулаған қан қошқылдана ұйып, тізеге жетіп тұр.

Теңкиіп қимылсыз қалған торы айғырға мойнын баяу бұрып бір қарады да, аяғын сүйрете басып, алға аттады.

Алапат айқасқа себепші болған адамдарға жан бітті. Бір біріне қарасты. Көздерінде үрей. Тілдерін жұтып қойған. Үн жоқ.

Айғырын алыстан баққан ақ байтал да қапталдап қозғалды. Бірте-бірте екі аралық қысқарып, сұлқ түсіп тұрып қалған сүлік қараға жуықтап келді. Мөлие назар тікті. Қан жуған алқымына танауын апарды. Мүсіркегені ме, батылсыз кісінеп, алды-артына шықты. Оның бұл қылығына айғырдың иманы селт етпеді. Басын тұқыртқан күйі төрт тағандап тұрған жерінен қозғалмады.

Торғай көз шалдың өрмесі етік қонышына еріксіз сарт етті.

– Құрыды! – Шал айқасқа өзі түскендей, үні іріп шықты. – Екеуі де құрыды… екеуі де тұқымы асыл ед… Ай-ай-ай! Обал-ай!

Шойнаңдай басып, сүлік қараның соңынан жөнелді.

…Жылқы зауытын аулақтан айналып өтетін күре жолға ентелей басып табан іліктірген Серікболдың көзінен ыстық жас бырт-бырт үзіліп түсті.

«Өлтірем, – деді тістене кіжініп, – басын шабам, басын!»

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button