Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Ұлттық қоғамдық кеңестің үшінші отырысы өтті

АСТАНА. 27 мамыр. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық кеңестің үшінші отырысы онлайн форматында өтті. Бұл туралы rast.kz хабарлады.

Президент өзінің сөзінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бүгінгі отырысына дейін атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі бар екенін атап өтті. Соның нәтижесінде «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа Заң өмірге келді. Оны қабылдарда жиын өткізудің алдын ала ескерту қағидаты енгізілді.

«Жаңа заң азаматтардың бейбіт жиындар өткізуге конституциялық құқығын толық қамтамасыз етеді. Саяси реформалардың бірінші топтамасына кіретін басқа да заң жобалары әзірленуде. Сондай-ақ сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарға өзгерістер енгізетін құжаттарға қол қойдым. Біз парламенттік оппозиция институтын енгіздік. Саяси партияларды тіркеуге қатысты талап жеңілдетілді. Сайлауға түсетін саяси партиялар әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота бөлетін болады. Жала жабуды қылмыс санатынан алып тастау және Қылмыстық кодекстің 174-бабын ізгілендіру жөніндегі нормаларға азаматтар барынша қолдау білдірді», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент бұдан әрі отырыстың күн тәртібіне кқңіл аударып, кез келген мемлекет үшін адами капитал басты өлшемге айналғанына тоқталды. Жаңа ахуал білім және ғылым жүйесін түбегейлі реформалауды талап етеді. Енді бұл саланың маңызы арта түсетіні анық. Тіпті экономиканың өзі соған тәуелді болмақ. Біз білім мен ғылым саласының болашақтағы рөлін айқын түсінуіміз керек. Бүкіл мемлекеттік саясат та соған сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның білім саласына бөлетін қаржысы жеткіліксіз екенін, соның салдарынан білім беру сапасы мен мектеп инфрақұрылымы дамыған елдермен салыстырғанда, әлдеқайда артта қалып қойғанын атап өтті.

«Қазақстанның мектептері жақсы жабдықталып, сыныптағы оқушылар санының көп болмағаны қажет. Мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша 2025 жылға қарай 650 орындық және одан да көп оқушыға арналған 800 жаңа мектеп, ауылдардағы тірек мектептер үшін 114 интернат, 700-ден астам спорт залдарын салу жоспарланып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, оқушылар арасындағы зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол жұмсау проблемасын шешу жөніндегі міндеттер жөнінде де сөз қозғады. Білім беру саласындағы басқару және қаржыландыру жүйесін жетілдіру керек.

«Менің шешімім бойынша 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару және оларды қаржыландыру облыстық деңгейге өтеді. Бұдан бөлек, соңғы уақытта оқу орындарының басшыларын тағайындау тәртібі туралы мәселе жиі қозғалып жүр. Үкімет балабақша меңгерушілерін, мектептер мен колледждердің директорларын тағайындаудың түсінікті әрі ашық жаңа жүйесін әзірлеуі керек. Директорларды алмастыру мен аттестациялау институтын енгізу ісі де басқарудың тиімділігін арттыруға тиіс», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев тіл мәселесіне де ерекше назар аударды. Ол мемлекеттік тілді оқытудың тиімділігін барынша арттыру қажеттігін алға тарта отырып, бұл мәселеде Еуропа елдерінің тәжірибесіне назар аударуды ұсынды. Оларда тіл үйрету барысында, негізінен, оқу орындарындағы жастарға көбірек мән беріледі. Сондықтан Тіл комитетін 2021 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің қарамағына өткізген жөн. Бұл қазақ тілін оқыту әдістемесін әзірлеу және оны үйрету ісіне қатысты әлеуетімізді бір орталыққа шоғырландыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы ғылымды дамытуға да жете көңіл бөлетінін байқатты.

«Жалпы ғылымға бөлінетін қаржыны жоспарлы түрде көбейтеміз. 2025 жылға қарай оны жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына дейін жеткіземіз. Осы ретте біз ешкім оқымайтын, қажетсіз жұмыстар мен зерттеулерді қаржыландыруға жол бермейміз. Әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру тек ұлттық ғылыми-техникалық міндет тұрғысынан бөлінуге тиіс. Медико-биологиялық зерттеулер, агроөндірістік ғылым, «жасыл» технология, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керек», – деді ол.

Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін, шын мәнінде, ауыр сынақ болғанын атап өтіп, бұл ахуалдың Қазақстанда кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартқанын жеткізді. Сондай-ақ бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын айтты.

«Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет», – деді Президент.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button