Қызылорда облыстық ішкі саясаты басқармасына жаңа басшы келді
ҚЫЗЫЛОРДА. 28 мамыр. Қазақстан Президенті әкімшілігінің келісімімен, Қызылорда облысы әкімінің міндетін атқарушының өкімімен кеше Мира Қазбекова облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы болып тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлады.
Қазбекова (қыз күніндегі тегі – Баймаханова) Мира Жомартқызы 1984 жылы туған. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетін бітірген. Мамандықтары – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, заңгер.
Еңбек жолын 2005 жылы Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығы Қызылорда облыстық баспасөз клубының маманы болып бастаған.
2005-2008 жылдары Қызылорда қаласы әкімі аппаратының жетекші маманы-баспасөз хатшысы, облыстық ішкі саясат департаментінің бас маманы қызметтерін атқарған.
2008-2017 жылдары қала әкімінің бас инспекторы-баспасөз хатшысы, қала әкімі аппаратының бөлім басшысы, облыстық мұрағаттар мен құжаттама басқармасы бастығының орынбасары болды.
2017-2019 жылдары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, қала әкімі аппаратының басшысы лауазымдарын атқарған.
2019 жылдан жаңа тағайындауға дейін қала әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.