Белгілі журналист Бейсен Құранбек өмірден өтті
ТАЛДЫҚОРҒАН. 18 мамыр. Белгілі тележурналист Бейсен Құранбек 49 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Оның қазасы туралы суық хабар әуелі әлеуметтік желіде тарады. Мұны артынша Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел растады. «Иә, Бейсен Құранбек өмірден өтті. Бұл рас», – деді ол.
Бейсен Құранбек – Қазақстан Президенті сыйлығының иегері (2006 жыл), Мәдениет қайраткері.
Ол 1971 жылғы 9 желтоқсанда Алматы облысы Кербұлақ ауданы «Қызылжар» ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген.
Университеттен кейін еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші болудан бастап, жауапты хатшы деңгейіне дейін көтерілген. Бұдан соң мансабын телевидение саласында жалғастырып, «Рахат», «31 арна», «Хабар» секілді арналарда, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған.
Бейсен Құранбек 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2014 жылдың қазан айында осы қызметке қайта оралды.
Бейсен шын мәнінде талантты журналист еді. Ол 2013-2017 жылдары «Қазақстан» телеарнасында жұртқа жақсы танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуын, ал 2017 жылдың қыркүйек айынан бері «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. Бұлардың екеуі де көрермендердің қызыға қарайтын хабарларына айналды. Сол бағдарламалары арқылы қаншама жанға қуаныш пен үміт сыйлады.
Өткен жылдың желтоқсан айының соңында танымал журналистің ауыр сырқатқа ұшырағаны туралы ақпар тараған еді. Сол шын болып шықты. Мұның ақыры осындай қайғылы қазаға алып жеткізді.
Бейсен Құранбек тіршілігінде өте жақсы жігіт еді. Ол үлкенге – ілтипатты іні, кішіге – қамқор аға бола білді. Адамдарға қарлығаштай қанатымен су себуге дайын тұратын үлкен жүректі азамат еді.
Арамыздан енді сондай Алаштың ардақты ұлы кетіп бара жатыр.
Бақұл бол, абзал адам, аяулы азамат! Алла алдыңнан жарылқасын.
rast.kz сайтының ұжымы