Қызылорда облысы әкімінің Аралға сапары аяқталды
АРАЛ. 15 мамыр. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың бүгін Арал ауданындағы жұмыс сапарының екінші күнін жалғастырды. Бұл туралы облыстық әкімдік деректеріне сүйенген rast.kz хабарлады.
Аймақ басшысы алдымен апаттық жағдайда тұрған «Толқын» балабақшасына барды. Оның жай-күйімен танысқасын Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа мәселенің шешу жолдарын ұсынуды тапсырды.
Келесі кезекте облыс әкімі жазушы Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде болып, оқушылар үйінің құрылысымен, 2018 жылы пайдалануға берілген ауданаралық орталық аурухананың жұмыстарымен танысты.
Бұдан кейін облыс әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған мәжіліс өткізді. Жиында Гүлшара Наушақызы аудандағы бірқатар көрсеткіштердің төмендегеніне назар аударды.
«Ауданда өнеркәсіп өндірісі 5,5 пайызға, өңдеуші өнеркәсіп 7,5 пайызға, кәсіпкерлік саласы бойынша көрсеткіш 2 пайызға төмендеген. Тек ауыл шаруашылығындағы өнім өндірісі 2 пайызға, тұрғын үйлерді пайдалануға беру 48,9 пайызға өскен. Бірақ бұл нәтижелер көңілге қонымды емес, себебі, экономиканың негізгі көрсеткіштері төмен», – деді облыс әкімі.
Арал ауданында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасына бөлінген қаржыға 16 жоба қолға алынған. Оның ішінде Арал қаласының жолдарын орташа жөндеу, аудандық маңызы бар автомобиль жолының және Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектептің құрылыстарын жүргізу, орталық көшелерді абаттандыру, Арал қаласындағы ауылішілік көшелерге газ құбыры жүйелерін жеткізу секілді ірі жобалар бар.
Аймақ басшысы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында бөлінген қаржыны тиімді жұмсауды тапсырды.
Облыс әкімі бұдан әрі Жақсықылыш кентіндегі «Аралтұз» зауыты мен аталмыш мекеменің кальцийлендірілген сода шығару инвестициялық жобасының жүзеге асырылу барысын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойындағы «С» және «Д» санатты жол бойы сервис кешенін және «Қамбаш» ауылындағы олимпиадалар және қосымша білім беру орталығының жұмысын көрді.
«Аманөткел» ауылы тұрғындарының өзекті мәселелері «Хан» елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірдің қызметі болып шықты. Оның жайына қаныққан Гүлшара Әбдіқалықова аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Тілеуімбетовке өткелдің жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Содан соң облыс басшысы «Жаңақұрылыс» ауылындағы №74 орта мектебіне ат басын тіреді.
Осымен облыс әкімінің Арал ауданына жұмыс сапары аяқталды.
Бұдан кейін ол Қазалы ауданына бағыт түзеді. Ендігі сапар содан әрі Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласына жалғасы деп күтілуде.