Қолтырауынға қол беремін деп, өмірмен қоштасты
КОЛУМБИЯ. 9 мамыр. АҚШ-тың Оңтүстік Каролина штатында бір әйел көлшіктегі аллигаторға, яғни қолтырауынға қол созамын деп, ажал құшты. Бұл туралы New York Post газеті хабарлады.
Басылымның баяндауынша, 58 жастағы маникюрші әйел Синтия Коверт карантин салдарынан сұлулық салоны жабық болғандықтан, клиентіне қызмет көрсету үшін оның үйіне келген жерінде қайғылы қазаға ұшыраған.
Хабарланғандай, әйел жұмысын бітіргеннен кейін үйдің жанындағы су айдынында жүрген аллигаторды көргесін, оны қызықтап, біраз аялдап қалады. Ол алдымен қолтырауынды бірнеше рет суретке түсіріп алады. Содан кейін үй иелерінің қарсылығына қарамай, жыртқыш аңды өзінің қолымен сипап көрмекші болады. Қарсы болушылар Синтияға жақында аллигатордың бұғыға шабуыл жасағанын айтады. «Мен бұғыға ұқсамаймын ғой», – деп қайтарады бұған Коверт. Соны айтып, суды беліне дейін кешіп барады.
Сол кезде әйел құлап түседі. Ал аллигатор оған бас салады. «Мен бұдан кейін мұны жасай алмаспын деп ойлаймын», – деп Коверт сонда да қамсыз тұра береді.
Үй иелері осы тұста Синтияға арқан лақтырады. Бірақ ол жағаға шығып үлгермейді. Аллигатор оның аяғынан тістеп, тереңге қарай сүйрей жөнеледі.
Кейінірек әйелдің өлі денесі табылады. Ол суға тұншыққаннан өліп кеткен екен.
Полицейлер осыдан кейін аллигаторды атып тастады.