Бүгін Жер жүзінің 60-тан астам мемлекетін шарпып, 70 миллионнан астам адамның өмірін қиып кеткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына бүгін тура 75 жыл мерзім болды. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын тойлау биыл Қазақстанда онлайн режимімен атап өтіліп жатыр.
Герман әскерлерінің Совет Одағына шабуылы 1941 жылдың 22 маусымында таңсәріде, сағат 4-те басталды. Бірінші Дүниежүзілік соғыста оңбай жеңілген Германия әскері араға ширек ғасыр салып есін жиып, қайта әлемге айбар шеккен қатерлі күшке айналады. Фашистер 1939 жылы қол қойылған кеңес-герман шартын бұзып, СССР шекарасына лап берген еді. Әуелгіде айтарлықтай кері шегінген Совет Одағы жүздеген ұлттан құралған жауынгер әскерінің арқасында жерін қорғап қалды. Жеңісті жақындатуға Қазақ КСР-ның зор үлесі барын атап өткен жөн.
1418 күн мен түнге созылған Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам жауынгер қатысты. Шайқасқа аттанған қазақстандықтардың тең жартысы майдан даласында оққа ұшып, елге оралған жоқ. Соғыстағы ерен ерліктері үшін 499 қазақстандық марапатталса, олардың ішінде 99-ы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы атақтарын алды. Сондай-ақ қазақтың қос батыр қызы – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да шайқаста ажал құшып, оларға ең жоғарғы – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 142 қазақстандық «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.
Екінші дүниежүзілік соғыс көзсіз ерліктерімен аты аңызға айналған қазақ жауынгерлерін тарих сахнасына шығарды. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстандық жауынгерлер Курск шайқасына, Балтық бойы республикаларын, Украина мен Беларусьты, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қатысты. Соғыстың барлық бағыттарында қазақтар жасындай жарқылдады. Бұл ретте батыр әкелеріміздің партизан соғысына да белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Т.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздарының аты ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Қазақстандықтарды күні кеше Жеңістің 75 жылдығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Қазақстанда қазіргі таңда сол сұрапыл соғысты басып өткен 1 025 ардагер бар. Олардың бәріне биыл 1 миллион теңгеден берілді. Ленинград қоршауында қалған тұрғындар мен концлагерьлерге кәмелетке толмай түскен тұтқындарға 50 мың теңгеден, ал ҰОС-ның қайтыс болған ардагерлерінің жұбайларына, соғыс жылдары еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден табысталды.
Сырбай Мәуленов
Соғыстан қайтқан солдаттар
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар
Көрдің бе үлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Кетерде солдат жарының
Ішінде қалған ана жыл.
Көкемді айтпай танырмын
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің
Хабарсыз қалай ол тоқтар.
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар.
Қаралы қағаз жіберіп,
Қаншама қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп,
Соғыстан қайтқан солдаттар!