Джоан Роулинг үйсіздерге $1,25 млн ақша берді
ЛОНДОН. 3 мамыр. Британиялық белгілі жазушы әйел Джоан Роулинг үйсіздер мен отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына £1 млн ($1,25 млн) ақша шығарды. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
Әйгілі Гарри Поттер жайындағы романдар сериясының авторы мұны кеше, сенбі күні мәлімдеді. Ол аталмыш қайырымдылық шарасын өз шығармашылығының күллі әлемдегі табынушыларының әйгілі кітаптың хронологиясында кездесетін 1998 жылғы 2 мамырда Хогвартс түбінде болған шайқастың кезекті жылдығын атап өтіп жатуына байланысты жасады.
«Бүгін – Хогвартс үшін шайқастың 22 жылдығы, бірақ ашығын айтайын, ойдан шығарылған қаһармандардың қаза табуын еске алып жатудың өзі әбес. Қазір шынайы өмірде жақындарын жоғалтып жатқандар аз емес, – деп жазды Роулинг Twitter парақшасында. – Адамдардың басына ауыр күндер келген кезде бәрінен қатты қиналып, таршылық көретін ең кедейлер мен ең осал кісілер болады. Сондықтан мен кітапқа түскен, қиялдағы Хогвартс үшін ұрыстың құрметіне қайырымдылық шарасын жасап, 1 млн стерлинг көлемінде ақша беремін».
Жазушы бұл ақшаны бірі үйсіздерге көмектесетін, бірі отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға қол ұшын созатыын британиялық екі қайырымдылық ұйымына тең бөліп береді. Жаңа коронавирус пандемиясына байланысты аталмыш ұйымдар қазір айтарлықтай қиындықтарға тап болып отыр.
Айтқандай, Хогвартс үшін шайқас – поттериананың соңғы жетінші кітабының түйінді эпизоды. Туындының финалында Ховартста орналасқан мектептің оқушылары мен оқытушылары Қараңғы Лордтың бағыныштыларына қарсы кескілескен ұрысқа шығады. Шешуші шайқасты Лордтың өзі Поттермен ұстасады.
Біздің анықтама
Джоан Роулинг – 1965 жылғы 31 шілдеде туған британиялық жазушы, сценарист және кинопродюсер. 1995 жылы «Гарри Поттер және философиялық тас» деген атпен бірінші романы жазылып бітті. Кейін Поттер туралы романдар сериясы әлемге 500 миллион данамен тарады.