АймақЖаңалықтар жаңғырығы

Мақтаарал ауданындағы «Өргебас» ауылын су басты

ТҮРКІСТАН. 3 мамыр. Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы «Өргебас» ауылына да су келе бастады. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.

Мұның алдында ауданның «Фердауси» ауылындағы 250 үйді су басып қалған болатын. Бүгін таңғы 5:00-ден бастап аталған  Фердоуси ауылы бағытынан Жаңажол ауылдық округінің «Өргебас» елді мекеніне қарай су келе бастаған. Екі ауылдың ара қашықтығы 3 шақырымды құрайды.

Таңғы 8:00-де су «Өргебас» ауылының 194 үйін баcып қалған. Тұрғындардың барлығы яғни 1,5 мыңға жуық адам қауіпсіз аймаққа шығарылған.

Көшіру барысында зардап шеккендер жоқ.

Аудан елді мекендерін су басу «Жаңа тұрмыс» және «Жеңіс» ауылдарынан басталды. Ол көрші Өзбекстанның Сырдария облысына қарасты Сардоба ауданындағы Сардоба су қоймасының тоғаны жырылып кетіп, еңістегі жерлерді су алып кетуінен болды. Бұдан кейін өзбек тарапы суды Орталық тармақ каналына айдады. Сол артық су Мақтаарал жеріндегі коллекторларды толтырды. Ақырында тасқын ауылдарға лап қойды.

Қазір ағын судың Мақтаарал ауданының орталығы – Мырзакент (1995 жылға дейін – Славянка) кентіне 5 шақырымдай жерге жақындап қалғаны туралы ақпар келіп жатыр.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button