Өзбекстанда жоғары оқу орнын бітіру онлайн-форматта өтеді
ТАШКЕНТ. 1 мамыр. Өзбекстанда корнавирус пандемиясына байланысты жоғары оқу орнын бітірушілердің бітіру емтихандары онлайн-форматта өтетін болып шешілді. Бұл туралы CentralAsia хабарлады.
Президент Шавкат Мирзиёев 30 сәуір күні биылғы оқу жылын сапалы аяқтау, оқу орнын бітіру және бітіру емтихандарын өткізу мәселелері бойынша өткен кеңес барысында осылай деді.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын үстінде білім беру мекемелеріне құжат қабылдау жүйесін жетілдіру, құжаттарды қашықтан тапсыру мүмкіндігін қарастыру сияқты жайттар талқыланған. Қоғамға жаңа өзгерістер қосымша хабарланатыны да мәлім етілді.
Кеңесте Мирзиёев шенеуніктерге биыл оқу орнына қабылдау емтиханын жеңілдетілген форматта өткізуді тапсырған.
Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Өзбекстан Орталық Азия аймағында Қазақстаннан кейін екінші орында тұр. Соңғы мәлімет бойынша, мұнда 2039 адамнан коронавирус табылған. 9 адам қайтыс болған. 1133 адам жазылған.
Елде карантин 10 мамырға дейін ұзартылған. Бірақ билік 30 маусымға дейін халықаралық рейстерді қабылдауға тыйым салған.