АҚШ індет үшін Қытайдан ақша талап ететін болды
ВАШИНГТОН. 28 сәуір. Құрама Штаттар коронавирустың өз елінде тарап кеткені үшін Қытайдан ақшалай айыппұл талап ететін болып отыр. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
«АҚШ коронавирустың тарауына байланысты Қытайға қаржылай талап қоятын болып шешті», – делінген хабарламада.
Мұны Америка президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз мәслихатында айтты. Ол бұл мәлімдемені бір журналист өзінен «АҚШ коронавирустың жарқылы үшін Қытайға 130 миллиард доллар көлемінде есепшот ұсынған Германиядан үлгі алмай ма?» деп сұрағаннан кейін айтты. «Біздің бұған одан гөрі әлдеқайда тез қол жеткізуге мүмкіндігіміз бар», – деді Трамп.
Ол қазір Германия мен АҚШ-тың бұл жағдайды зерттеп жатқанын сөз етті. АҚШ жағдайына келсек, әңгіме бұдан көбірек сома төңірегінде қозғалады. Бірақ Америка президенті оның көлемі қанша екенін ашып айтқан жоқ.
Трамп сондай-ақ Қытайдың коронавирусты ауыздықтау шараларын қабылдауға оншалықты асыға қоймағанын да атап көрсетті. Соның салдарынан бүгінде бүкіл әлем зардап шегіп отыр.
Батыс елдері Қытайды коронавирус жөніндегі мәліметтерді дұрыс бермеді деп айыптайды. Енді Бейжіңге аурудың жай-күйін сеніп тапсыруға бола ма?
Сәуір айында Американың екі бірдей штаты – Миссури мен Миссисипи коронавирус туралы ақпаратты жасырып отырғаны үшін Қытайдың үстінен талап-арыз беретін болып шешім қабылдады. Талап-арыз берушілердің ойларынша, Қытайдың саясатынан Америка тұрғындары өте көп мөлшерде зардап шеккен, енді бұл ел жазасыз қалмауы тиіс. АҚШ сондықтан да Бейжіңнен барлық материалдық шығынды қайтаруды, сондай-ақ оны инфекция жарқылы жайлы әлем қауымдастығын дер кезінде хабардар етпегені үшін жазалауды талап етіп отыр.
Наурыз айында Трамп Қытай билігін коронавирус жарқылы жайында әлем жұртын дер кезінде хабардар етпегені үшін айыптаған. Оның айтуынша, басқа елдердің биліктері бұл турасында ертерек білгенде, жағдай қазіргіден мүлде басқаша болған болар еді. АҚШ лидері вирусты Қытайдың шыққан ауданынан асырмай, ұстап қалуға әбден болатын еді дегенді айтты. Бірақ бұған Бейжің мүдделі болған жоқ.