Өзбек азаматтығын алғың келсе, өзбекше үйрен

ТАШКЕНТ. 26 сәуір. Өзбекстан азаматтығын алуға тілек білдірушілер ең алдымен өзінің қарым-қатынас деңгейінде мемлекеттік тілде сөйлей алатынын дәлелдеуі тиіс. Бұл туралы биыл қабылданған тиісті заңға сүйенген Norma.uz хабарлады.
Агенттік бұған сілтемені биылғы жылғы 13 наурыз күні Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев қол қойған «Өзбекстан Республикасының азаматтығы туралы» заңның жаңа редакциясынан алып отыр. Онда бұл мемлекеттің азаматы атанғысы келетін тұлғаның мемлекеттік тілді білуі керектігі тайға таңба басқандай анық жазылған.
Өзбек паспортын алғысы келгендер үшін қойылатын бұрынғы талаптар жалпы негізде сақталып қалды. Онда өзге мемлекеттің азаматтығынан шығу, тұруға рұқсат алған уақыттан бастап 5 жыл Өзбекстанда тұру, тіршілік етудің заңды көзінің болуы, сондай-ақ республика Конституциясының тәртібін сақтау міндеттері бар.
Заңда азаматтықты қабылдаудың жеңілдетілген шарттары да атап көрсетілген. Бірінші вариантта Өзбекстан азаматы болып табылатын және осы елде тұратын кемінде бір туысы болуы керек.
Өзбекстан азаматтығын қалпына келтіру шарасы енді тек бір-ақ рет жүзеге асырылады (бұған дейін оның саны көрсетілген жоқ). Сонымен бірге, өзге шетелдің әскери қызметіне, құқық қорғау органдарына немесе басқа күштік құрылымдарына кіріп, өзге елдің пайдасы үшін әрекет жасаған немесе бейбітшілік пен қауіпсіздікке қарсы қылмыс жасап, өзбек елінің азаматтығынан айырылып қалған тұлғалар азаматтығы қалпына келтірілетіндер санатына жатпайды.



