Министр «ел аштан өледі» деген әншіге ұсыныс айтты
АСТАНА. 25 сәуір. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова карантин тәртібін жеңілдетуді сұрап, байбалам салған әншіге 42 500 теңге үшін құжат тапсыруды ұсынды. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Арнаның баяндауынша, министрдің бұлай деуіне әнші Бүркіттің әлеуметтік желіде Президентке видеоүндеу арнап, онда «карантин режимін жеңілдетпесе, халық аштан өледі» деген мазмұнда әңгіме айтуы себеп болған.
«Қиындық тууына байланысты мемлекет жеңілдіктер ұсынып отыр. Сондықтан мәдениет, архив, туризм салаларындағы біздің әріптестеріміз өздерінің күнделікті табысынан айырылып жатса, мемлекеттің ұсынып отырған әртүрлі көмегін алуға құқы бар», – деп сөздің турасына көшті министр.
Ақтоты Рахметоллақызының айтуынша, әзірге ешбір әнші, әртіс немесе басқа да өнер адамдары 42 500 теңгеге құжат тапсырмапты.
Ал желіні пайдаланушылар «Әншілер қашаннан бері халықтың қамын ойлайтын болған?» деп қазір айран-асыр болып отыр.
Шамасы, оларды қаттырақ толғандыратыны төтенше жағдайға байланысты түрлі тойлардың тоқтап, көл-көсір көлденең табыстың көзі бітеліп қалғаны шығар.