Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Нидерланд біріншілігінде биыл чемпион болмайды

АМСТЕРДАМ. 25 сәуір. Нидерландтың корольдік футбол одағы (KNVB) коронавирустың пандемиясы салдарынан маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға шешім қабылдады. Бұл туралы «Voetbal International» хабарлады.

Хабарланғанындай, Нидерландта биылғы маусымда чемпион анықталмайды. Сондай-ақ командалар бұл дивизионнан ешқайда кетпейді және төменгі дивизионнан ешкім мұнда келмейді, бәрі осы күйінше сақталып қалады.

Эридивизияда осы кезге дейін ойналған 25 турда көшбасшылық үшін талас Амстердамның «Аяксы» мен «АЗ Алкмар» арасында өтіп келді. Екі клубтың әрбірі осы уақытта 56 ұпайдан жинап үлгерді. Сонымен бірге, олардың ұтыстары (18), тең ойындары (2), жеңілістері (5) сандары да бірдей болды. Тек соққан және өткізген доптарының айырымы жағынан «Аякс» (68-23=+45) алға шықты. Ал 54-17=+37 көрсеткішіне ие «АЗ Алкмар» 2-орынға жайғасты. Бұдан кейінгі 3-орындағы «Фейеноордта» – 50 ұпай, 4-орындағы ПСВ «Эйндховенде» 49 ұпай бар еді. Сол сияқты «ұшу» аймағында «Ден Хаг» (19 ұпай) пен «Валвейк» (15 ұпай) тұрды.

Әлем елдерінің түгелге жуық бөлігінде инфекция тарап кету қаупіне байланысты футбол чемпионаттары тоқтатылған болатын.

Нидерланд корольдік футбол одағы осылайша бұдан екі күн бұрын бір шешімге келе алмай, бәрін мамырдың 27-сіндегі басқосуға қалдырған УЕФА атқару комитетінің отырысынан кейін бірден осындай батыл шешім қабылдады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button