Майк Тайсон рингке қайта оралғалы жатыр
КИЕВ. 25 сәуір. Бокстан әлемнің ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті чемпионы Майк Тайсон рингке қайта оралғысы келетінін мәлімдеді. Бұл туралы украинның segodnya.ua сайты хабарлады.
«Өткен аптада қолғап киіп біраз жаттықтым. Әлі қиындау екен, дене ауырады. Мен біраз жаттығып барып, рингке оралуға ниет еттім. Біршама қалпыма келіп алғасын, көрмелік матчтар өткізгім келеді. Сондай қалыпқа жету үшін спорт залында жаттығамын. Сосын үш-төрт раундтан тұратын қайырымдылық шайқастарын және басқа да сондай шаралар өткіземін. Сол арқылы үйсіз жүргендер мен өзім секілді есірткіден зардап шеккендерге көмек беруді қалаймын», – деді бүгінде жасы 53-ке келіп отырған аты аңызға айналған кәсіпқой боксшы Instagram-дағы тікелей эфир кезінде.
Өзінің спорттық мансабында Тайсон 58 жекпе-жек өткізіп, оның 50-інде жеңіске жеткен.
Америкалық боксшы өзінің кәсіпқойлық мәртебесіндегі ең соңғы ұрысын 2005 жылы өткізді.