АҚШ-та бір әйел ақша үшін төбетке күйеуге тиді
НЬЮ-ЙОРК. 24 сәуір. АҚШ-та бір әйел байлыққа белшесінен кенелу үшін бір төбетке күйеуге шықты. Бұл туралы «Daily People» газеті хабарлады.
Гәп былай болған. Америкалық белгілі кинопродюсер Роджер Доркас өзі өлгеннен кейін өзінің көптеген миллион долларды құрайтын байлығы әйелінің еншісінде қалмауы үшін барлық ақшаларын сүйікті төбетіне мұра етіп қалдырып кетеді. Осыған байланысты өсиетін де заңдастырып қояды.
Сонымен, Роджер Доркас бақилық болғаннан кейін оның төбеті 65 млн доллар қаржысы бар бай болып шыға келеді. Ал әйеліне бір цент те тимеген екен.
Бұған ашуланған сотқа әйел жүгініп, жағдайды өзінің пайдасына қарай шешіп алмақшы болады. Бірақ сот оның ашу-ызасы күйеуінің өсиетін өзгертуге себеп бола алмайтынын алға тартып, бұдан бас тартады.
Алайда, табанды да қайтпас жесір әйел мұнымен тоқтап қала салмайды. Ол мәселені шешудің басқа да жолдарын іздестіре бастайды.
Сөйтсе, қожайынының бар байлығын басып қалу үшін төбетке алдымен АҚШ азаматы екенін айғақтайтын құжат керек екен.
Әйел жүгіріп жүріп, тиісті құжаттарды иттің атына тіркеп береді. Содан кейін өзі марқұм күйеуінен қалған байлықты иемдену үшін төбеттің өзіне күйеуге тиіп алады.