Жаңалықтар жаңғырығыРуханият

«Дос-Мұқасан» тобын құрушылардың бірі көз жұмды

АСТАНА. 24 сәуір. Аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі Хамит Санбаев 78 жасында қайтыс болды. Бұл туралы ұжымның арт-директоры Данияр Құсайыновтың мәліметіне сүйенген rast.kz хабарлады.

«Хамит Санбаев ұзаққа созылған науқастан кейін 78 жасында қайтыс болды. Ол ұжымның қалыптасуына орасан зор үлес қосты. Көрнекті қайраткер, белсенді және жай ғана керемет адам еді. Хамит аға Санбаев, біз қайғырамыз, иманды болсын», – деп жазды Құсайынов.

Хамит Санбаев Алматы қаласында тұрды. Достары, әріптестері, оның шығармашылығына табынушылар марқұмды соңғы сапарға шығарып салғылары келіп еді. Бірақ карантин режимінен жаназаға тек оның туған-туыстары ғана қатысқалы отыр.

«Бізге министрліктің, әкімдіктің өкілдері қоңырау шалып, көп адам болмауын сұрап жатыр. Карантиннен кейін молда шақырып, марқұмға құран оқытамыз деп ойлаймын», – деді Құсайынов.

«Дос-Мұқасан» вокальды-аспаптар ансамблі 1967 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институты автоматика және есептегіш техника факультеті студенттерінің бастамасымен құрылды. Олар құрылыс жасағына барған жерлерінде оның алғашқы талпыныстарын жасады. Ұжымның атауы оның ең алғашқы мүшелері Досым Сүлеевтің, Мұрат Құсайыновтың, Хамит Санбаевтың және Александр (Саня) Литвиновтың есімдерінің алғашқы буындарынан (Дос-Мұ+Қа+Сан) алынып, құралды.

Саксофонда ойнаған Хамит Санбаев топ құрамында 1967-1972 жылдары өнер көрсетті. Содан кейін Мәскеуге оқуға кетіп, біржола ғылым жолына түсті.

Ұжымға кейін Шәріп Омаров, Мейірбек Молдабеков, Құрманай Омарова, Дариға Тұрсынова, Осмадияр Мақанов, Бақыт Жұмәділов, Нұртас Құсайынов, Асқар Жанкүшіков, Ақжол Мейірбеков секілді өнерлі жастар келіп қосылды.

Алла алдынан жарылқасын.

rast.kz сайтының ұжымы марқұмның отбасына қайғырып көңіл айтады.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button