Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

«Әне, Андрей Аршавин келе жатыр» (видео)

ЛОНДОН. 21 сәуір. Бүгін Лондонның «Арсеналы» Андрей Аршавиннің қонақта «Ливерпульмен» өткен ойында покер жасағанын еске алды. Бұл туралы Санкт-Петербургтің «Фонтанка» газеті хабарлады.

«Ағылшынның «Арсенал» футбол клубы бұдан тура 11 жыл алдын Андрей Аршавиннің «Ливерпуль» қақпасына төрт гол салғанын атап өтті. Лондон командасының ресми твиттерінде тарихи видео қоса жарияланды», – делінген хабарламада.

2009 жылғы 21 сәуір күні Ливерпульдегі «Энфилд» стадионында өткен матч 4:4 есебімен аяқталды. «Ливерпуль» дарбазасына түскен төрт допты да Аршавин салды.

Аршавин сол жылы «Зениттен» «Арсенал» құрамына ауысып келген еді. Ол ағылшын клубы сапында барлығы 105 матч өткізіп, 23 гол соқты.

Енді сол тарихи кездесудің кейбір детальдарын еске түсіріп көрейік.

«Энфилдтегі» кездесуге дейін «Арсенал» Чемпиондар лигасының ширек финалында испанның «Вильярреалын» тас-талқан етіп, «Манчестер Юнайтедпен» жартылай финалда кездесетін болып шығып еді. Команданың дебютанты Андрей Аршавин бұған дейін биылғы еурокубокта «Зенит» құрамында алаңға шығып қойғандықтан, «Арсенал» үшін бұл сайыста ойнай алмайтын-ды. Мұның есесіне, команданың бас жаттықтырушысы Арсен Венгер форвардты Англия кубогы үшін кездесуде пайдаланып көрді. Наурыз айында «Халл» клубымен ойналған сол кездесуде ресейлік футболшы ван Персиге бір нәтижелі пас берді. Алайда, Ливерпульдегі бұлқынысқа үш күн қалғанда, жаттықтырушы оны Гус Хиддинктің «Челсиімен» болған жартылай финалдық кездесуге қосқан жоқ. Жұрттың көбі оның мұнысын түсіне алмады. Ал «Арсенал» сол жолы ұтылып қалды.

«Арсеналды» өз алаңында қабылдағанға дейін «Ливерпуль» өзінің алдындағы «Манчестер Юнайтедтен» 4 ұпай қалып, турнир кестесінде 2-орында тұрған еді. Мәреге дейін бар-жоғы алты тур қалған. Ал лондондықтар 40 ұпаймен 9-орында келе жатқан.

Сонымен, тарихи кездесу де басталды. Ол Англияда түнде кеш өткендіктен, Ресейдегі жанкүйерлердің көбі Аршавиннің ерлігін уақытында көре алған жоқ.

 

Англияның 2008/2009 жылдарғы чемпионаты. 33-тур матчы
«Ливерпуль» (Ливерпуль) – «Арсенал» (Лондон) 4:4 (0:1)

21 сәуір. 2009 жыл. Ливерпуль. «Энфилд» стадионы. 44 424 көрермен.

Арбитр: Уэбб.

«Ливерпуль»: Рейна, Арбелоа, Каррагер, Фабиу Аурелиу, Хаби Алонсо, Маскерано, Бенаюн, Риева (Бабель, 73), Кайт (Эль-Жар, 86), Торрес.

«Арсенал»: Фабьянски, Санья, Коло Туре, Сильвестр, Гиббс, Аршавин, Сонг, Фбрегас, Денилсон (Уолкотт, 65), Насри, Бендтнер (Диаби, 90).

Голдар: Аршавин (36), Торрес (49), Бенаюн (52), Аршавин (67), Аршавин (70), Торрес (72), Аршавин (90), Бенаюн (90+3).

Ескерту: Санья (61).

 

Кейін анықталғанындай, Венгер Аршавинді «Челсимен» ойынға шығармай, «Энфилдтегі» кездесу үшін сақтаған екен. Сол кезге дейін ресейлік футболшының еншісінде премьер-лигадағы жеті ойыннан екі гол мен бес нәтижелі пас бар еді. Демек, ол жақсы спорттық формасында болатын.

Ойынның өзі бірінші минуттан жоғары қарқын алды, оны «Ливерпуль» бастады. «Арсенал» әзер қорғанып жатты. Аршавин алаңда мүлде көрінбеді – сондықтан Венгер оны үзіліс кезінде ауыстырып жіберуі әбден мүмкін еді. Бірақ 36-минутта форвард қарсыластар алаңында керекті жерінен табыла қалып, Фабрегас берген допты қақпағы дәл ұрды – оның аяғынан ұшқан доп маңдайшаға тиіп барып, жерге түсіп, тордан бір-ақ шықты. Сөйтіп, есеп ашылды.

Қарсыластар қонақтардың пайдасына шешіліп тұрған осы 1:0 деген есеппен үзіліске шықты. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына көнбеген ливерпульдіктер екінші тайм басталған бойда жаппай алға ұмтылды. Мұның нәтижесі де көп күттірген жоқ, алаң иелері алдымен есепті теңестіріп, артынша алға да шығып кетті. Олар Торрес пен Бенаюн соққан екі доптың арқасында 52-минутта жеңіске жақындай бастағандай көрінді. Бұлай деуге негіз де бар-тын. Чемпиондық үшін таласып жатқан Торрес командасына жеңіс Аршавиннің клубына қарағанда анағұрлым керек еді.

Бірақ «Ливерпуль» «Арсеналды» сындыра алмады. Бәрі де Аршавиннің арқасында болды. Ол қызыл жейделілер аздап тыныс ала бастаған сәтте олардың ойын ырғағының быт-шытын шығарды. Андрей ендігі бір тұста қапталда Арбелаоның аяғынан допты суырып әкетіп, айып алаңына қарай құйғытты да, ішке ене бере қиялай тепті. Доп сол бойы қақпашының оң жағындағы алыс бұрышқа қойып кетті. Осылай есеп 2:2 болды. Арада үш минут өткенде, енді Аршавин өз командасын екінші рет алға шығарды – 3:2.

Бірақ Торрес сол бойда дерлік таразы басын қайта теңгерді.

Осымен матчтың соңы да жақындады. Ал Аршавин 90-минутта айып алаңы ішінде Уолкоттан алған добын тура қақпашының жанынан жіберді – 4:3! «Ливерпуль» матчқа қосылған 3-минутта есепті теңестіріп үлгерді. Сөйтіп, кездесу 4:4 есебімен аяқталды.

Матчтан кейін «Арсеналдың» бас жаттықтырушысы Арсен Венгер ресейлік футболшының еңбегіне үлкен баға берді. Әдетте біреуді мақтауға келгенде тарылып қалатын француз маманы бұл жолы баспасөз мәслихатында барынша ақтарылды. «Аршавин барлық жерде ойнай алады, ол шынында аса көрнекті футболшы. Керемет комбинациялы ойынның нәтижесінде төрт гол салды. Алайда, Аршавиннің жеке шеберлігі керемет, мұнысы оны одан бетер қауіпті ете түседі. Ол кез келген жағдайдан соға алады. Онда жеңімпаздың мінезі бар. Мен көптен бері жұмыс істеп келемін, бірақ осындай маңызды матчта покер жасаған ойыншы көрген жоқпын. Мұндайлар өте сирек кездеседі», деді жаттықтырушы.

Аршавиннің төрт голы ертеңіне-ақ бүкіл Еуропаның талқылайтын басты тақырыбына айналды.

Independent газеті «Орыс минимализмі. Барынша аз соққы – барынша көп шығын» деген астарлы бастақырыппен шықты. Mirror журналистері аласа орыстың ағылшын футболының тарихына кіргенін атап өтті. Олар Аршавинді «құбылыс» деп көрсетті.

Статистер сол бойда Аршавиннің «Энфилдте» 4 гол салған екінші қонақ футболшы болып отырғанына назар аударды. Бірінші рет мұны 1946/1947 жылдарғы маусымда «Вулверхэмптонның» ойыншсы Денис Уэскотт жасаған екен.

Бұл матч 27 жастағы Андрей Аршавиннің футболшылық мансабындағы шарықтау шегі болды. Мұны спортшының өзі де ойын біткеннен кейін айтты. «Мұндай жағдай енді қайталанбайды», деді ол. Айтқаны рас келді.

Бірақ Британияның газеттері жыл сайын 21 сәуір күні осылай Аршавиннің покерін еске алып, оны атап өтіп келеді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button