Саунада сайрандаған тәртіп сақшылары қызметтен кетті
КӨКШЕТАУ. 21 сәуір. Ақмола облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті тергеу басқармасының қызметкерлері карантин кезінде саунаға барып, сайран салғандары үшін қызметтерінен босатылды. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаменті тергеу басқармасы қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қызметтік тексеру жүргізілді», – делінген хабарламада.
Нәтижесінде төтенше жағдай режимін бұзған тергеу басқармасының басшысы мен оған бағынышты қызметкерлер жағымсыз себептермен жұмыстан босатылды.
Аталған басқарманың бастығы Р.Тұрғамбеков және оған бағынышты тергеушілер Н.Мырзагелдин, А.Қағарман, Ж.Ақмолдин, Б.Лұқманов төтенше жағдай режимінің қазіргі шектеулеріне қарамастан, кешкі демалысты Көкшетаудағы монша кешендерінің бірінде өткізген.
Осыған байланысты, биылғы жылдың 20 сәуірінде агенттік орталық аппаратының тәртіптік комиссиясының отырысы өтті. Оқиғаның барлық жағдайларын және әділеттілік, парасаттылық, сенім құндылықтарын қатаң сақтауды ескере отырып, агенттік төрағасының бұйрығымен аталған қызметкерлер келешекте мемлекеттік және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынсыз жағымсыз себептер бойынша жұмыстан шығарылды.
Тәртіптік комиссияның ұсынысы бойынша облыстық департамент басшысы М.Төлеубаев жеке құраммен алдын алу жұмысын нашар ұйымдастырғаны үшін қызметіне толық сәйкес еместігі түрінде жауапқа тартылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өз әріптестерінің теріс қылықтарының салдарын түсіне отырып, азаматтардың карантин режимін сақтау кезіндегі жауапкершілігін мойындай және құрметтей келе, болған жағдай үшін шынайы кешірім сұрайды және әрбір қызметкердің атағы мен дәрежесіне қарамастан заң бұзушылық фактісі үшін жазаның бұлтартпастығына кепілдік береді.