Қазақстан Қытайға наразылық нотасын жолдады
АСТАНА. 14 сәуір. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Қытайға наразылық нотасын жолдады. Бұл туралы zakon.kz хабарлады.
Бүгін Қазақстан Сыртқы істер министрігінде ҚХР-дың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо мырзамен кездесу өтті. Онда Қытайдың бір веб-сайтында жарияланған «Қазақстан неге Қытайға оралғысы келеді?» деген мақалаға байланысты наразылық білдірілді.
«ҚР Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасындағы ҚХР елшісі Чжан Сяо мырзамен кездесу өтті, оның барысында қазақстандық тарап қытайдың www.sohu.com веб-сайтындағы «Қазақстан неге Қытайға қайта оралғысы келеді?» деген мақалаға байланысты қарсылық білдірді», – делінген министрлік хабарламасында
Қытай елшісіне мұндай мақаланың жариялануы елдер арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестік шартына сәйкес келмейтіндігі туралы хабарланды.
Тараптар ақпарат тарату және бұқаралық ақпарат құралдары саласында тығыз ынтымақтастық орнатуға келісті.
Сондай-ақ, Бейжіңдегі Қазақстан Республикасы елшілігінің Қытай Сыртқы істер министрлігіне нота жолдағаны да атап өтілді.