Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

«Жылу маусымын жылжытса, жөн болар еді»

Қызылорда қаласының басшылығы назарына

Кеше осы сайттың бетінен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың пандемияға байланысты аймақ тұрғындарына арнаған үндеуін оқып шықтық. Онда айтылған барлық нұсқауларды қолдаймыз.

Осыған орай біз мынадай ұсыныс білдіргіміз келеді.

Енді берер күнде Қызылордада дәстүрлі қысқы жылыту маусымы аяқталады, жылу орталықтары қалаға жылу беруін кілт тоқтатады.

Менде осы маусымды тағы бір екі аптаға ұзарта түссе деген тілек бар.

Себебі, қазір облыс орталығында да, бірқатар аудандарда да коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Біздің бір білгеніміз; бұл аурудың инфекциясы күннің суық кезінде кеңінен тарай түседі екен. Олай болса, күні ертең дәрігерлердің өзі симптомдары өте ұқсас – суық тигеннен болатын ОРВИ, тұмау (грипп) секілді науқастарды коронавирустан тез ажырата алмай қалулары мүмкін немесе сол кеселдер бірден COVID19-ға айналып кетулері ықтимал. Осының өзі пандемияның созыла түсуіне бірден-бір себеп болар еді.

Сондықтан жылу маусымын әлі де жалғастыра түсу керек деп есептеймін. Бұл – бір.

Екіншіден, биыл жылдағыға қарағанда қыс айлары айтарлықтай жылы болды. Демек, біздің жылу орталықтары өз шығындарын үнемдеуге мүмкіндік алды. Жылу маусымының созылатын күндердегі шығындарын сол қыста үнемделген қаржының есебінен жабуға болады.

Осы шараның қазір өршіп тұрған эпидемияның одан әрі қарқын алып кетпеуіне себепкершілігі болар еді.

Менің ұсынысымды қала тұрғындарының көпшілігі қолдайды деп ойлаймын.

Дәулет Баялимов,

Қызылорда қаласының тұрғыны

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button