ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

Онкологтар съезі: Пациенттердің өмір сүру мүмкіндігі 65 пайызға жетті

АЛМАТЫ. 17 наурыз. Оңтүстік мегаполисте Қазақстан онкологтары мен радиологтарының X халықаралық съезі өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Республика онколог-дәрігерлері форумына Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарова қатысып, жиналғандар алдында сөз сөйледі.

Съезде сала пациенттерінің бес жылға артық өмір сүру көрсеткіші 65 пайызға артқаны атап өтілді.

«Қазақстанда онкологиялық қызметті дамыту бойынша ауқымды шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда: инфрақұрылым жаңғыртылып, жаңа клиникалар салынуда және жоғары технологиялық жабдықтар енгізілуде. Соңғы бес жылда онкологиялық көмекке бөлінетін қаржы көлемі үш еседен астам артты», – деп атап өтті министр форумның ашылар сөзінде.

Бұл халықтың диагностикаға қолжетімділігін кеңейтуге және пациенттерді заманауи таргеттік және иммуноонкологиялық препараттармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

«Сәулелік және протондық терапияны, ядролық медицина технологияларын және жасанды интеллектті енгізудің арқасында онкологиялық аурулардан болатын өлім 14 пайызға төмендеді, ал бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65 пайызға дейін жетті», – деп мәлімдеді Ақмарал Шәріпбайқызы сосын.

Форумды Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты өткізді. Іс-шара онкологиялық аурулардың профилактикасы, ерте диагностикалау және емдеудің заманауи тәсілдерін талқылауға арналды.

Съезд жұмысына 1400-ден астам маман атсалысты, оның ішінде 470 делегат офлайн форматта араласса, 985 сарапшы онлайн режимде қосылды. Олардың қатарында АҚШ, Германия, Италия, Қытай, Ресей, Түркия, сондай-ақ Орталық Азия мен Кавказ елдерінен келген 150 шетелдік сарапшы болды.

Съездің ғылыми бағдарламасы шеңберінде дербестендірілген терапия мәселелеріне, жоғары технологиялық хирургиялық әдістерді енгізуге және онкологиялық көмекті ұйымдастыруды жетілдіруге ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар съезд алаңында өкпе обырын емдеудің эволюциясы, сүт безі обырын емдеудің мультимодальдық стратегиялары, интервенциялық және эндоскопиялық технологияларды дамыту мәселелеріне арналған мамандандырылған секциялар бойынша өтті.

Талқылаулардың жеке блогы ядролық медицинаны дамытуға және емдеу дәлдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын 4D-сәулелік терапияны енгізуге арналды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық көмекті дамыту жөніндегі кешенді жоспар іске асырылуда.

Осы бағдарламаның шеңберінде Астанадағы жаңа онкоорталықтың базасында Протондық терапия орталығы ашылды, Қызылорда және Ақтау қалаларында екі жаңа ПЭТ/КТ орталығы пайдалануға берілді. Барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашылып, өткен жылы онда 15 мыңнан астам зерттеу жүргізілді.

Жиында сондай-ақ жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және колоректальдық обырды анықтауға арналған ұлттық скринингтік бағдарламалар ауруларды ерте кезеңде анықтау үлесін 34,6 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік бергені айтылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 16 пайызға өскені, сәулелік терапиямен қамту деңгейі 13 пайызға артқаны, ал ерте диагностикалық көрсеткіштің 4 пайызға ұлғайғаны атап өтілді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button