Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

«Талсуаттың» таңдаулы тарланы

Дүниеде адам болу – парыз болса, сол адамдық атқа кір келтірмей, абыроймен ғұмыр кешу – үлкен өнер. Сыр бойының қасиетті топырағында туып, бойына даланың кеңдігі мен өнердің нәрін жиған жанның бірі – Айнагүл  Жайдариева. Оның өмір жолы – табандылықтың, еңбекқорлықтың және аналық мейірімнің шынайы көрінісі.

Айнагүл апайдың тұлғалық болмысы туралы сөз қозғағанда, біз тек білікті басшыны ғана емес, сонымен бірге жаны нәзік өнер адамын, ұлттық құндылықтардың шырақшысын және үлгілі отбасының алтын діңгегін көреміз.

1974 жылдың тамыз айында жасампаз Жалағаш ауданында туған ол бала күнінен еңбекке жақын болып өсті. Тоқсаныншы жылдардың қиындығына қарамастан, өз жолын іздеуден жалықпады. Алғашқы кәсіптік білімі оның қолының ептілігі мен ұқыптылығын қалыптастырса, кейінгі Қорқыт ата атындағы университеттен алған музыкалық білім оның ішкі рухани әлемін байыта түсті.

Сөйтіп, адам жанның шипасы ретіндегі сазды әлем Айнагүл апайдың бойындағы өнерге деген махаббатты оятып, бүкіл өмірінің өзегіне айналды. Ол тек әуенді тыңдап қана қоймай, сол әуеннің сиқырымен айналасына нұр шашуды мақсат етті. Осылайша, білім беру саласында, содан соң мәдениет ошақтарында еңбек ете жүріп, руханияттың туын биікке көтерді. Ақыры өнерге адалдығы мен кәсіби шеберлігі «Үздік клуб қызметкері» атануымен, көптеген бірінші дәрежелі дипломдармен айшықталды.

Айнагүл апайдың өмірбаянындағы маңызды белестердің бірі – мемлекеттік қызметтегі жылдары. 2012 жылдан бастап он жылдан астам уақыт бойы Талсуат ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман қызметін атқарғанда, тек кабинеттегі қағаз жұмысымен шектелген жоқ. Әрбір ауыл тұрғынының мәселесін өз мәселесіндей көріп, халық пен билік арасындағы алтын көпір бола білді. Мемлекеттік қызмет – үлкен төзім мен асқан жауапкершілікті талап ететін сала болса, ол бұл сынақтан мүдірмей өтіп, құқықтану саласында да білімін жетілдірді. Оның ерекше үлесі үшін облыс пен қала әкімдерінен алған алғыс хаттары мен «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медалі – атқарылған ауқымды істердің заңды өтеуі еді.

Кейін тағдыр оны қайтадан өз бастауына – мәдениет саласына алып келді. Бүгінде ол «Талсуат ауылдық клубының» директоры ретінде ауылдың рухани тынысын кеңейтіп, мәдениет ошағын жаңа белеске көтеруде.

Клубты жай ғана жұмыс орны емес, өз үйіндей, қара шаңырағындай көретін басшының стилі – талапшылдық пен қамқорлықтың астасуы. Оның 22 жылдық жалпы еңбек жолындағы тәжірибесі бүгінгі жауапты қызметте үлкен септігін тигізіп, ұжымдағы әрбір қызметкердің қабілетін тануға, жастардың бойындағы талантты шыңдауға жол ашады.

Айнагүл апайдың ауыл-аймаққа сыйлы Нұрмағамбетовтер әулетінің келіні ретіндегі тұлғасы да көпке өнеге. Сондықтан оның образын отбасылық құндылықтарға деген арымас адалдығынан бөліп қарау мүмкін емес. Жолдасы Қанатбек Сардарбекұлымен бірге құрған шаңырақтары – нағыз «өнерлі отбасының» үлгісі. Екеуі де музыка саласының мамандары болғандықтан, бұл үйден әуезді ән мен жылылық ешқашан үзілген емес. Перзент тәрбиесінде ол үнемі өз ісімен үлгі болуды басты орынға қойды. Ұлы Нұрхан мен қызы Самалдың білім мен еңбектегі жетістіктері, «Алтын белгі» иегері атануы – ана сүтімен келген тектілік пен тәрбиенің жемісі.

Бүгінде ол тек білікті басшы ғана емес, отағасымен бірге немере сүйіп, ұрпағына ертегі айтып, әулеттің берекесін ұйытып отырған ардақты әже, аяулы ана. Айнагүл апайдың болмысы – қарапайымдылық пен тектіліктің жиынтығы. Ол кісімен тілдескенде, оның парасаттылығы мен биязылығы бірден баурайды. Оның бойындағы ең басты қасиет – адамгершілік. Ол ешқашан мансапқа масаттанып, адамдық қалпын жоғалтқан емес, керісінше, лауазым өскен сайын кішіпейілділігі арта түсті. Сыр елінің мәдениетін өркендету жолында аянбай еңбек етіп жүрген бұл жанның парасатты бейнесі халыққа адал қызмет етудің және ұлттық өнерді қастерлеудің шынайы символы болып қала бермек.

Жансая НҰРҚОЖА

Қызылорда қаласы,

«Талсуат» ауылы

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button