Өмір жолы өнегемен өрілген

Дүние есігін 1981 жылдың шілде айында Шиелі ауданындағы «Төңкеріс» ауылында ашқан Анардың балалық шағы жанын аялаған аяулы арманның ақ қанатында өтті. Ол мектеп табалдырығында жүргенде-ақ ұстаз болуға құштарлық танытты. Мұны сол сәттерден тек мамандық қана емес, сонымен бірге саналы түрде тағдырды да таңдау деп түсінді.
Өзінің осы мерейлі мақсатына жету үшін Анар алдымен, 1999 жылы мектепті бітірген жылы Қызылордадағы М. Мәметова атындағы педагогикалық колледжге оқуға түсті. Кейіннен «Болашақ» университетінде білімін шыңдап, қазақ тілі мен әдебиетінің маманы болып шықты.

Анар Рахымбекованың еңбек жолы осылайша Шиелі ауданының «Жөлек» ауылындағы №152 орта мектептен басталды. Бүгінде ол осы қара шаңырақта тек пән мұғалімі емес, жас ұрпақтың рухани темірқазығы – тәлімгер қызметін де абыроймен атқарып келеді.
Шынында Анардың әрбір сабағы, оқушымен өткізген әрбір сәті ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруге арналған тәрбие сағатындай. Ол шәкірттеріне тек грамматика мен әдебиетті ғана емес, сонымен қатар өмірдің мәнін, үлкенге құрмет пен кішіге ізеттің маңызын үйретуден жалыққан емес.
Бүгінде Анар Нәсіпбекқызының ұйымдастырушылық қабілеті мен көшбасшылық қасиеті мектеп Парламенті мен «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымындағы жетекшілік қызметінде ерекше көрініс тапқан. Ол мектеп оқушыларының бойындағы азаматтық жауапкершілікті оятып, қоғамның белсенді мүшесі етіп қалыптастыруда үлкен жұмыс атқарып келе жатыр. Оның басшылығымен жасұландықтар тек оқуда ғана емес, сонымен бірге қайырымдылық акцияларында, патриоттық іс-шараларда алдыңғы шептен көрініп жүр.
Анардың бойындағы жауапкершілік пен шәкіртке деген шексіз махаббаты оның «Үздік тәлімгер – 2022» аудандық байқауында І орынды, облыстық байқауда ІІ орынды иеленуіне негіз болды. Бұл марапаттар – оның талмай еткен еңбегінің, кәсібіне деген адалдығының заңды жемісі. Сондай-ақ, «Отаныма 30 қайырымды қадам» акциясына қосқан үлесі мен «Өрлеу» ұлттық орталығының алғыс хаттары – оның педагогикалық қана емес, әлеуметтік белсенділігінің де айғағы.
Анар апайдың болмысы тек мектептегі жетістіктерімен шектелмейді. Оның нағыз әйел затына тән парасаты мен кемеңгерлігі – өз шаңырағының шырайын кіргізуінде. Ерғазы екеуінің құрған отауы – бірлік пен түсіністіктің, сыйластық пен махаббаттың мекені. Анар – шаңырақтың алтын діңгегі, ибалы келін, ардақты жар және аяулы ана. Ол отбасындағы әрбір жанның көңілін тауып, үйінің жылуын сақтап отырған парасатты әйел. Ерғазы – отбасының тірегі, Анардың шығармашылық жолындағы ең басты қолдаушысы.
Осы екі тұлғаның үйлесімінен өрбіген өнегелі тәрбие бүгінде ұрпақтарынан көрініс табуда. Тұңғыштары Ақжібек – Абылай хан атындағы университеттің түлегі, бүгінде магистрант. Гүлсезім болса – білім грантының иегері, Алматыдағы белді оқу орнының студенті. Олардың бұл жетістігі – Анар мен Ерғазының «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөзді ұстанғандығының дәлелі. Екі ұлы мен екі қызы – бұл әулеттің басты байлығы мен мақтанышы.
Оқытушы үшін ең үлкен жетістік – шәкіртінің биіктен көрінуі. Ал Анар Рахымбековның баулыған оқушылары Әмір Аружан, Дүйсен Аян, Еркеназ Байтұрсынов, Алмагүл Балғабаева түрлі байқауларда топ жарып, оның еңбегін ақтап келеді. Оқушылармен бірге қолөнер бұйымдарын жасап, түрлі-түсті материалдармен жұмыс істеу барысында ол тек шеберлікті ғана емес, жан дүниенің әдемілігін де қатар үйретеді. Мұндай жылы қарым-қатынас – тәлімгер мен шәкірт арасындағы үзілмес рухани алтын көпір іспетті.
Анар Рахымбекованың өмір жолы – жастарға үлгі, әріптестеріне мақтаныш. Ол «Мұғалім ісі – тарихтағы ең ұлы іс» деген сөздің салмағын түсініп, сол жолда аянбай тер төгіп келе жатқан заманауи ұстаз. Көркем мінезімен көптің көңілінен орын алған, отбасы мен қызметті қатар тізгіндеген, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ұстаздың алар асулары әлі де алда.
Біздің кейіпкеріміздің бойындағы сабырлылық, еңбекқорлық және адамдарға деген шексіз мейірім – бүгінгі қоғамға ауадай қажет қасиеттер. Ол – білімнің шырағын жаққан мұғалім, әулеттің бағын ашқан аяулы жар, ұрпағын ұлықты еткен ардақты ана. Оның әрбір атқан таңы – жаңа бір игі істің бастауы, әрбір шәкірті – ел ертеңінің кепілі. Осындай асыл жандардың барында ұлттық құндылықтарымызға бас қойып, оны қастерлеп жүретін азаматтар да көп болмақ.
Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы






