Қызылордада сотталғандар темір қоршаулар жасауға атсалысады

ҚЫЗЫЛОРДА. 19 қыркүйек. Қызылордада сотталғандар темір қоршаулар жасауға қатыстырылып жүр. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылорда облысы бойынша қылмысты атқару жүйесі (ҚАЖ) департаментіне қарасты №60 мекемеде жазасын өтеушілер еңбекке тартылып, түрлі өндірістік бағыттарда жұмыс істеуде. Соның ішінде дәнекерлеу цехында сотталғандар темірден тұрмысқа қажетті өнімдер шығарып, қоғамға пайдасын тигізіп келеді.
Бүгінде олар мобильді офистар мен темір қоршауларды дайындаумен айналысады. Қазіргі уақытқа дейін 20-дан астам мобильді офис жасалып, тапсырыс берушілерге табыс етілді. Ал темір қоршауларға деген сұраныс артып келеді.
«Жалақымнан отбасыма үнемі қаржы жіберіп тұрамын. Темір тор ішінде жүрсем де, еңбектің арқасында балаларымды қолдауға мүмкіндігім бар. Дәнекерлеуші мамандығым болғандықтан, бұл жұмыс маған қиын емес. Жалақымыз да уақытылы беріледі», – деді сотталғандардың бірі.
Сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы Бақыт Әбілованың айтуынша, қазіргі таңда облыстағы түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілердің 70 пайызы еңбекпен қамтылған.
«№60 мекеменің өндірістік аймағында 17 жеке кәсіпкер 500-ден аса сотталғанды жұмыспен қамтыса, 37 мекемеде жазасын өтеушілер қала ішіндегі 18 кәсіпкердің жұмыс орындарында еңбек етуде. Басты мақсатымыз – сотталғандарды еңбекпен қамтып, олардың мемлекет пен жеке тұлға алдындағы қарыздарын өтеуіне, түзелуіне, қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік жасау», – деді Бақыт Әбілова.






