Қызылордада Тазалық күніне орай көлемді сенбілік ұйымдастырылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 20 қыркүйек. Дүниежүзілік тазалық күніне орай Қызылорда қаласындағы денсаулық және демалыс саябағында бүгін кең көлемді сенбілік болып өтті. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Шапағатты шараға облыстық басқармалар мен мекемелердің қызметкерлері, жастар ұйымдарының белсенділері, еріктілер, сондай-ақ қала тұрғындары қатысып, қоршаған ортаның тазалығы мен көркейтілуіне өз үлестерін қосты.
Шара барысында саябақтың барлық аумағынан қоқыстар жиналды, ағаштардың түбі қопсытылып, жасыл желектер суарылды. Демалыс орнындағы орындықтар тазаланып, сынған ағаш бұтақтары теріп алынды. Сонымен қатар, жаңа жас көшеттер отырғызылып, гүлзарлар ретке келтірілді. Бұл жұмыстар саябақтың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы демалыс орнының қалыптасуына ықпал етті.
Жастар белсенділері сенбілік кезінде экологиялық мәдениетті насихаттап, табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсіндірді. Олар қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр азаматтың міндеті екенін, мұндай іс-шаралар тек сенбілік күндері ғана емес, күнделікті әдетке айналуы керектігін атап өтті.
Қатысушылардың айтуынша, мұндай сенбіліктер ұжымдық рухты көтеріп, адамдарды біріктіріп қана қоймай, экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға тәрбиелейді. Сонымен қатар, қатысушылар бұл игі бастама жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасып, жаңа буынға үлгі боларына сенім білдірді.







