Жаңалықтар жаңғырығыҚұқық

Атакенттегі алты албасты түгел айыпқа тартылмай кеткелі тұр ма?

ТҮРКІСТАН. 19 қыркүйек. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 30 жастағы Әзиз Құралбаевты жабылып өлтірген алты жігіттің бәрі түгел жаза алмай кететін түрі бар. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Басылым тілшісі алты албастының өздеріне бейтаныс жігіттің қолына темекі басып, аузына арақ құйып, әбден азаптап өлтіргенін баяндайды. Алайда осы азғындыққа атсалысқан жігіттердің іштерінен біреуі ғана бар айыпты арқалап кеткелі тұр.

Күдіктілер өздері мүлде танымайтын бейтаныс жігітті «Неге біздің ауылдың қызына келесің?» деген желеумен ауыл шетіне апарып, аяусыз азаптап өлтіреді. Олар марқұмды өлімші етіп ұрып-соғып, денесіне темекі басып, аузына арақ құйған. Зәбір көрущі осыдан кейін үш ай бойы жансақтау бөлімінде жатып, есін жимай көз жұмады.

Бірақ сотта істің бағыты күрт өзгеріп, әуелі күдікті болған алтаудың екеуі куәгерге айналып шыға келген. Бұдан кейін марқұм Әзиз Құралбаевтың туысы мен қорғаушысы азапты өлімнің артында тұрған сұмдықтарды Orda.kz тілшісіне айтып береді.

Оқиға Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 2024 жылы 11 қарашасында болды. Мақтааралдың «Қоңырат» ауылының 30 жастағы тұрғыны Әзиз Құралбаев көрші елді мекен – Атакент кентінде тұратын өзінің кездесіп жүрген қызына көлікпен барып, қайтып келе жатқанда басталыпты. Ең бірінші рет сол ауылдың бірнеше жігіті Құралбаевты тоқтатып көліктен шығуын сұрап, «бұл ауылдың қыздарына не үшін келесің», деген сыңайда тиісе бастайды. Ол кезде марқұм көліктен шықса жағдайдың ушығып кететінін түсініп, сол арадан көлігін айдап кетіп қалады. Арада біраз уақыт өткен соң сол ауылға қызын шығарып салып қайтып келе жатқанда әлгі жігіттерге тағы да жолығады.

Бұл жолы да Азиз Құралбаев қашып кеткенімен, бәле іздеген жігіттер марқұмды артынан ауылына дейін қуып жетіп, көліктен қинап, сүйреп алып шығып, өздерінің автокөлігіне отырғызып, ауылдың шетіне, яғни, айдалаға алып кетеді.

Не себепті Құралбаев Азиз белгісіз жігіттердің құрбаны болды?

Осы істі қолға алған шымкенттік адвокат Нұртуған Өмірзақ пен марқұмның жеңгесі Мөлдір Үсенбаеваның айтуынша, Әзиз Құралбаевты азаптап өлтірген алты жігітпен марқұмның ешқандай таныстығы жоқ. Олардың барлығы шамамен 2000-2005 жылы туған жігіттер екен. Ал бұлардың Құралбаевқа өшігіп алуының себебін естіген адам: «нағыз сандырақ» дер еді. Себебі 30 жастағы марқұм жігіт сол ауылда өзінің үйленем деп кездесіп жүрген қызына келіп жүрген. Әлгілер «біздің ауылдың қыздарына көрші ауылдың жігіттер келмеуі керек» деген миға қонымсыз сылтаумен бір үйдің үміт күтіп отырған кенжесінің өмірін қиған.

«Өздерінің көлігіне салып, алып ауылдың аяқ баспас жеріне алып кеткен. Әуелі төрт жігіт болып, артынан тағы екі жігітті шақырып алады. Содан қайнымды олар итше тепкілеп ұрып-соғады. Қайнымды аяусыз ұрғандары соншалық, айуандықтарын ауызбен айтып жеткізу қиын. Басының жартысы мүжіліп кеткен, не таспен ұрған, не басына секірген. Үсті-басына темекі басып тастаған, көгала қойдай қылып ұрған, бір сау жері жоқ. Осының барлығын алты адам бір жігітке жабылып істеген. Одан қала берді, ауруханадан сол күнгі киімдерін алғанымызда, киімдерінен спирттің иісі мүңкіп тұрды. Артынша анықталғандай соққылардан есінен таңып қалған соң әлгілер аузына арақ құйған екен. Қысқаша айтқанда, баланың бет-аузынан дым қалмаған. Сонымен қатар, олар оны әбден мазақ қылып, ұрып-соққан сәттерін телефонға түсіріп алған», – деді жеңгесі Мөлдір Үсенбаева.

Енді бұлардың сынықтан сылтау іздеп: «біздің ауылдың қыздарына көрші ауылдың жігіттер келмеуі керек» деп жас жігітті өлімші қылып сабағанын қайдан білді десеңіздер, жағдай ары қарай мүлде басқаша өрбіген екен.

Алты жігіт Құралбаевты өлімші қылып сабаған соң есінен танып жатқанын көріп, оны айдалаға тастап кетпекші болады.

Алайда, арасында біреуі: «ертең мынау өліп қалса, басымызға бәле болар» деп өзара ақылдасып, арасында екі жігіт: «жол-жөнекей тауып алдық» деп Құралбаевты ауруханға әкеліп кетіп қалады. Артынша ол екі жігітті полиция ұстап алады. Олар қорыққандарынан полицияға оқиғаны түгел айтып береді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, «біздің ауылдың қыздарына неге келесің» деген жігіттерді Құралбаев Әзизбен кездесіп жүрген қыз танымайтын болып шыққан. Ол сотта да айтылыпты.

Сонымен қатар, Әзиз Құралбев өлерінің алдында түсірілген, яғни әлгі жігіттер бірінші рет тиіскен кездегі жазбасы бар. Құралбаев WhatsApp арқылы досымен сөйлескен ауызша жазбасында қай ауылда болғанын, өзі танымайтын жігіттердің себепсізден себепсіз тисіп, көліктен түсуін сұрап, әңгімеге тартпақшы болғанын, барлығын айтып кеткен екен.

«Атакентте сөйлесіп жүрген қызға барған едім. Қайтып келе жатқанда, Priora көлігімен бір жігіттер тоқтатып: «Не істеп жүрсің бұл ауылда? Көліктен шық» деп дікеңдеді. «Шықсам бір нәрсе бола ма» деп, тоқтамай басып кетіп қалдым. Қара Priora-мен келген жігітің бірі маған қыздарға келетін бұл ауыл саябақ емес деп бір нәрселерді айтты, тыңдамадым. Жас балалар ғой, шамамен 2000 жылғы майда жігіттер. Олар үшеу болған соң жабылып кете ме деп кетіп қалдым» деген марқұмның жазбасы бар әрі бұл айғақ ретінде сотқа ұсынылған.

«Қайным сол күні ауруханаға бірден жансақтау бөліміне түсті. 3 ай ес-түссіз жатып, әбден азып-тозып, есін жимаған күйі өмірден өтті. Менің түсінбейтінім, біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Неге менің ешқашан ішіп-шекпеген, жан баласына зияны тимеген, тұрақты жұмысы бар, үйленем деп кездесіп жүрген қызына көрші ауылға барған қайным осындай себепсізден себепсіз жауыздардың қолынан қаза тапты? Сонда көрші ауылдағы қызға бару қашаннан бері қылмыс еді? Көрші-қолаң, таныстардың барлығы Азизді тек жақсы жағынан біледі. Барлығына көмектесіп жүретін жігіт еді. Жан баласына зияны тимеген қайнымның осындай ит өліммен өліп кеткені барлығымыздың жанымызға батып отыр. Енді, міне,  барлық дәлел мен дәйек қолымызда болып, оны судьяға ұсынып отырсақ та, әлгі жауыздардың жазасы жеңілдеп барады», – деді Мөлдір Үсенбаева.

Адвокат Нұртуған Өмірзақтың айтуынша, істі қолға алғанда бірнеше заң бұзушылықтар болғаны, әуелі қозғалған баптар қазір басқа бапқа ауысып кеткені анықталған. Жалпы сотта күдіктілердің әрекетін барынша жеңілдетіп көрсетуге тырысып жатыр екен. Оған қоса, әу баста ешкімге керек емес қылмысты бастаған, яғни басқа жігіттерді шақырып, Құралбаев Әзиздің соңына түсіп, сынықтан сылтау іздеген жігіт үш ай бойы полициядан қашып жүрген.

«Ең қызығы жасырын тергеу әрекетінде Құралбаевты болмашы бір себепке бола ұрғандарын толық мойындаған. Алдын ала кім нені істеді, кім тепті, кім темекі басқанын мойнына алатынын келіскен сәттері, барлығы бейнежазбаға жазылған және ол сот процесі кезінде судьяға ұсынылды. Ал сотта осы істі тергеген тергеушіні шақырып жауап алғанда, ол бейнежазбадағы айтылғандар ештеңе шешпейтінін, екінші тергеуде олар айтылғандарды мойындамағанын айтты. Сонымен қатар, тағы бір заң бұзушылық бар, тергеу барысында күдіктілерден алынған жауап 24 сағаттың ішінде базаға бірден салынуы керек. Ал тергеуші оны бір емес, екі емес, алты айдан кейін салды. Сотта тергеуші бұл әрекетін базаның сол сәтте істемей қалғандығы деп қысқаша қайырған. Жарайды, база бір күн, екі күн, ары кетсе бес күн істемес, бірақ жарты жыл не үшін күтуі керек еді? Есі дұрыс, заңды білетін адамға бұл әрекет те күмән туғызады», – деді Өмірзақ.

Осы орайда заңды бір сұрақ туады. Жасырын тергеу әркетінде күдіктілердің әрекеттерін, яғни, қылмыстарын мойындаған жауабы неге сотта еленбей отыр? Неге тергеуші оған тоқталмай, одан кейінгі жауаптарын алға тартады? Жасырын тергеу әркетінің заңды күші жоқ болса, ендеше оны жүргізудің қандай қажетті бар еді?

Әуелі алты күдіктінің барлығы құрықталғанымен тергеу барысында екі күдіктінің мәртебесі куәгер статусына ауысып кетті. Марқұмның жеңгесі Мөлдір Үсенбаеваның айтуынша, куәгер болып кеткен екі жігіттің туыстары ақшалы әрі құқық қорғау органдарында таныстары болғандықтан ұрғанын мойындап тұрса да, куәгерге айналып кеткен.

«Әуелі іс алты күдіктіге де 293-баптың 2-тармағы, яғни, «топтасып жасалған бұзақылықпен» қозғалды. Себебі Құралбаев ол кезде жансақтау бөлімінде болса да тірі еді. Ал денсаулыққа зиян келтіру бойынша 108-баппен қозғалады, яғни «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру». Ал Құралбаев Әзиз қайтыс болған соң, іс 106-ға яғни, «денсаулыққа қасақана адам өліміне әкелген ауыр зиян келтіру» бабымен екі күдіктіге іс қозғалады да, ал қалған екі күдіктіге 293-бап жай «бұзақылық» бабы қалдырылады. Ал қалған екеуі куәгер болып шыға келді», – деді адвокат.

Сондай-ақ, Өмірзақтың айтуынша, күдіктілерге сотта жеңілдетілген себеп ретінде олардың әу баста өлтіру ниетінің болмағаны мен марқұмды ауруханаға жеткізгендігі деп айтылыпты. Ал негізінен бұл оқиғада іс «денсаулыққа ауыр зиян келтіруді топтасып жасау»  бабы бірдей алтауына да берілуі керек еді.

Айта кетейік, оқиға Мақтааралда болғанымен, іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр, судья Мұхтар Жолдасбеков. Қазіргі уақытта соттың негізгі бөлігі мен жарыссөз өтті. Енді үкім шығуы керек. Енді марқұмның қорғаушысы мен туыстары алтауы жабылып өлтірген істің ақыр соңында «кісі өлтірді» деп тек біреуі ғана сотталып, үшеуі бұзақылықпен кетеді де, ал екеуі тек куә болып, істеген қылмыстарына ешқайсысы толығымен заңды жазасын алмай кете ме деп күдіктенеді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button