Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Сәбиге өмір сыйлаған мейірбике

Ақ желеңді абзал жандардың арасында мамандығына махаббатпен қарайтын, әрбір сәбидің алғаш шыққан тынысын, алғашқы үнін өмірінің ең үлкен жауапкершілігі ретінде қабылдайтын мейірім иелері бар. Солардың бірі – Жаңақорған ауданының перзентханасында отыз жылға жуық табан аудармай еңбек етіп келе жатқан неонатальды мейірбике Айгүл Аппазова.

Кез келген сәбидің өмірге келу сәті – таңғажайып әрі жауапты мезет. Бұл сәттің жанында жүру, оған көмек көрсету – екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен еңбек пен жүрек жылуын қажет етеді. Айгүл Нұртазақызы үшін бұл тек қызмет емес, бұл – өмірінің мәні мен мақсатына айналған ұлы миссия.

Айгүл Аппазова 1973 жылы Жаңақорған кентінде туған. Өзі туып-өскен киелі ауылдағы №56 орта мектептің сегізінші сыныбын тәмамдаған соң, 1988 жылы Қызылорда медициналық училищесіне оқуға түсіп, 1991 жылы оны табысты аяқтайды.

Дипломын қолына алған жас маман сол жылы-ақ аудандық аурухананың гинекология бөліміне мейірбике болып жұмысқа қабылданады. Міне, содан бері бір сәтке де бұл саладан алыстамай, өзі таңдаған жолға адалдық танытып келеді. 1995 жылы ол перзентхана бөліміне ауысып, өмірінің ең маңызды кезеңіне – неонатальды мейірбике қызметіне кіріседі.

Бұл мамандық – төзімділікті, нәзіктікті, шапшаң шешім қабылдауды қажет ететін ерекше бағыт. Себебі, мұнда өмірге шыр етіп келген сәбидің тағдыры санаулы минуттар мен секундтарға байланысты болады. Осы жылдар ішінде ол жүздеген, мыңдаған нәрестеге алғаш дем алуға жәрдемдесіп, олардың тіршілікке бейімделуінде маңызды рөл атқарды.

Кейіпкеріміздің күнделікті жұмысы – ата-аналар үшін қуаныш, кейде уайым болып келетін сәттердің арасында жүреді. Жаңа туған сәбидің алғашқы демі шықпай жатқанда, оның көкшіл тарта бастаған денесін көргенде, кімнің де болсын жүрегі ауыратыны анық. Бірақ дәл осындай жағдайда мейірбике сабырлы болуға, кәсіби біліктілігін көрсетуге, жүрегіндегі мейірімділік пен аналық инстинктін қоса оятуға тиіс. Айгүл ханым осы талаптардың бәріне жауап беріп, сан рет қиын жағдайға тап болған сәбиге дер кезінде көмек көрсетіп, өмірге қайта әкелгендей болады. Бұл – оның үлкен еңбегі, маңдай терімен келген кәсіби жеңісі.

Ол өзінің әрбір жұмыс күнін жаңаша жауапкершілікпен бастайды. Себебі, әр күн – жаңа өмірдің бастамасы, әр шақалақ – үміттің сәулесі. Айгүл апай бұл мамандықты таңдағанына ешқашан өкінбегенін айтады. Керісінше, сәбидің шыр еткен даусы оның жан дүниесінде қуаныш пен мақтаныш сезімін ұялатады.

«Кейде сәби жыламаса, уайымдай бастаймыз. Ал алғашқы дыбысы шыққанда – бәріміздің көңіліміз орнына түседі. Бұл – біз үшін ерекше сәт», – дейді өзі.

Айгүл ханым – тек кәсіби маман ғана емес, үлкен жүректі, сабырлы, кішіпейіл жан. Әріптестері оның мейірімділігі мен адалдығын, жұмысына деген жауапкершілігін ерекше атап өтеді. Жас мамандарға әрдайым ақылын айтып, тәлімгер ретінде бағыт-бағдар береді. Олардың кәсіби дамуына үлес қосып, нағыз мейірбикенің қандай болу керектігін ісімен дәлелдеп жүр.

Үш онжылдық бойы жаңа өмірдің бастауында жүрген мейірбике үшін бұл жол оңай болған жоқ. Ұйқысыз түндер, шұғыл шақыртулар, тосыннан туындайтын қиындықтар, жан ұшыра көмек сұраған аналар мен дәрменсіз шақалақтар… Осы бір оқиғалардың ішінде міз бақпай, біліктілігі мен парасатын жоғалтпай, өз мамандығына адал болып қалу – кез келген адамның қолынан келмейді. Бірақ ол бұл жолдан қайтпаған. Ол өзінің қолымен көмектескен, жансақтау үстінде қайта тірілген, ем-дом арқасында тіршілікке бейімделген сәбилерді есіне алып отырғанда – оның жанарында үлкен мақтаныш пен толқу қатар сезіледі. Бұл оның мамандығына деген адалдығы мен кіршіксіз махаббатының белгісі.

Айгүл Аппазова – тек Жаңақорған өңірінің ғана емес, бүкіл медицина саласының мақтанышына лайық тұлға. Оның еңбегі, төзімі, сәбилерге деген махаббаты – шын мәнінде мәртебеге ие. Өмірге келген әр сәбидің артында көзге көрінбейтін үлкен еңбектің, жанкештіліктің жатқанын көпшілік біле бермейді. Сол еңбек иесі – Айгүл секілді жанашыр жандар. Ол – ақ халатты киіп қана қоймай, жүрегімен адал қызмет атқарып жүрген шын мейірім иесі.

Отыз жыл бойы толастамай, талмай еңбек етіп келе жатқан мейірбике өз ісін әрі қарай да жалғастырып, талай нәрестеге өмірге келер сәтте жәрдемдесуге дайын. Бұл – оның жүрек таңдауы, бұл – оның тағдыры.

Жансая НҰРҚОЖА,
Қызылорда облысы,
Жаңақорған ауданы

 

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button