Зеленський Трампты Ресейге қатысты «нақты ұстанымға» шақырды

КИЕВ. 16 қыркүйек. Украина президенті Володимир Зеленський болуы ықтимал кездесуі алдында АҚШ президенті Дональд Трампты Ресейге қатысты нақты позиция ұстануға шақырды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ президенті келесі аптада Нью-Йоркте Украина лидерімен кездесуі мүмкін. Мұндай хабарды бүгін, 16 қыркүйекте Тель-Авивте АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио жеткізді.
Қыркүйектің 22-30-ы аралығында Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясы 80-сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы өтеді.
«Ол (Трамп. – ред.) соғысты тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысуда», – деді Рубио.
«Президент (Ресей мемлекетінің басшысы Владимир. – ред.) Путинге бірнеше рет телефон соқты, Зеленськиймен бірнеше рет кездесті, оның ішінде келесі аптада Нью-Йоркте тағы да (онымен кездесу. – ред.) кездесуі орын алуы мүмкін», – деді сосын америкалық дипломатияның басшысы.
Украина тарапы мұндай кездесу мүмкіндігі барын әлі растаған жоқ.
Зеленський Трамптың қауіпсіздік кепілдіктері бойынша «нақты позиция» ұстануын күтеді
Сонымен қатар, Зеленський Трампты Ресейге қарсы санкциялар мен Украинаның қауіпсіздік кепілдігі мәселесінде «нақты ұстанымға» шақырды.
Sky News арнасына берген сұхбатында Украина лидері Ақ үй басшысы жеке өзі «шешімді шаралар» қабылдап, «Путинді өзінен қорқуға мәжбүрлеу керек» деген пікірін білдірді.
Зеленський Құрама Штаттардың «өз бетінше шешім қабылдауға» жеткілікті күші бар деп санайды.
«Еуропа Ресейге қарсы 18 санкция пакетін енгізді», – деп еске салды Украина мемлекетінің басшысы. «Жетіспейтіні – АҚШ-тың қатаң шектеу шаралары пакеті», деп есептейді Украина көшбасшысы.
Володимир Зеленський 15 тамызда Аляскада өткен Трамп-Путин саммитін де сынады.
Украина президенті Трамп «Путинге көп жеңілдіке берді», «ол бұл үшін (кездесу. – ред.) көбірек төлем төлеуі керек еді» деген пікірін білдірді. «Егер бұл үш жақты кездесу болса, белгілі бір нәтижеге қол жеткізер едік деп ойлаймын», – дегенді қосты саясаткер.
14 қыркүйекте Дональд Трамп Уашингтонның әрекетіне сәйкес Еуропа да шектеулерін күшейтсе, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын күшейтуге дайын екенін айтты.
Бұған дейін АҚШ президенті «Truth» әлеуметтік желісінде «Барлық НАТО елдері келісіп, солай істей бастағанда және НАТО елдерінің барлығы Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатқанда, Ресейге қатаң санкция салуға дайынбыз» деп жазған хатын жариялады.
Америка президенті Солтүстік Атлантикалық альянстың кейбір мүшелерінің Ресейлік мұнайын сатып алуын «таңқаларлық» деп атап, бұл НАТО-ның келіссөздердегі ұстанымы мен альянстың Мәскеуге ықпалын әлсірететінін айтты.
Қыркүйек айының басында Еуропа елдерінің көшбасшыларымен өткен видеоконференция барысында АҚШ президенті оларды Ресей мұнайын сатып алу арқылы Украинадағы «соғысты қаржыландырды» деп айыптап, Мәскеуді осы табыс көзінен ажыратуға, сондай-ақ Қытайға осыған байланысты қысым көрсетуге шақырған.






