ҚЫЗЫЛОРДА. 17 қыркүйек. Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Тоқтыбаев бастаған полицейлер жастар өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Полиция қызметкерлері келген кездесуге М.Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен студенттері қатысты.
Ұшырасу барысында студенттер үшін өте өзекті тақырыптар қозғалды. Олардың арасында әр азаматтың құқықтары мен міндеттері, құқық бұзушылықтар, бұзақылық, кибербуллинг, алаяқтық, нашақорлық және оның салдары үшін жазалау шаралары жайлы әңгіме қозғалды.
Кездесу өте қызықты да белсенді тұрғыда өтті. Бұған оның бейресми форматта өрбігені тікелей әсер етті. Әрбір студент өзінің құқықтары мен жауапкершілігіне, қауіпсіздігіне, сондай-ақ полиция қызметіне қатысты кез-келген сұрақты қоя алды.
«Біздің мақсатымыз – жастар және жасөпірімдер арасындағы топтық төбелестер мен олардың қатысуымен жасалған қылмыстардың және өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу. Бүгінгі күні тәртіп сақшылары күнделікті рейдтік шаралар ұйымдастырып, жұмыссыз жастар мен жеткіншектердің жүріс-тұрысын бақылауда ұстап отыр», – деді Серік Тоқтыбаев.
Жиынға қатысушылар өздерін толғандырып жүрген мәселелерді талқыға салып, өзара пікір алмасты.
USD




