Сыр бойында учаскелік инспекторлар 16 мыңнан аса үйді аралады

ҚЫЗЫЛОРДА. 9 қыркүйек. Қызылорда облысында учаскелік инспекторлар биылғы жылдың басынан бері 16 мыңнан астам үйге барып шыққан. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Облыста бүкіл республика көлеміндегідей «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы қызу қолға алынған. Ол «Профилактика жылы: полиция – заң мен тәртіп күзетінде» қағидатын жүзеге асыру мақсатында өтіп жатыр.
Акция барысында учаскелік полиция инспекторлары осы кезге дейін 16 мыңнан астам үйді аралап, 205 саяжай нысаны мен 285 шаруа қожалығын тексерді.
Қоғамдық тәртіп күзетшілері сонымен қатар есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларына барып, профилактикалық жұмыстар жүргізді. Олардың қатарында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған – 155, әкімшілік қадағалаудағы – 41, ерекше талап қойылған – 56, қорғау нұсқамасы берілген – 117, әкімшілік қадағалауға формалды түрде жататын – 206, пробация есебіндегі – 375 және қолайсыз отбасынан шыққан 23 адам болды.
Бұдан бөлек, учаскелік инспекторлар ішкі істер органдарында тіркелген мыңнан астам азаматтық қару иесін тексерді. Нәтижесінде тіркеуде жоқ 1 аңшы қаруы тәркіленіп, сақтау ережесін бұзған екі қару иесіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ қоғамдық оқшаулаумен байланысты емес жаза өтеу тәртібін бұзудың 4 дерегі анықталды.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 қарашаға дейін жалғасады.






