Қызылордада қалааралық көлік қатынасы тоқтатылады
ҚЫЗЫЛОРДА. 30 наурыз. Қызылордада коронавирустың таралуы артуына байланысты қалаларық көліктер қатынасы мен қоғамдық көпшілік орындарының жұмысына шектеу қойылды. Бұл туралы rast.kz хабарлады.
Бұған облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Әлия Әбдіқайымованың тиісті қаулысы негіз болды.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, осыған сәйкес, автовокзал мен бейберекет ашылған автотұрақтар арқылы облысаралық, қалааралық, ауданаралық автобуспен, шағын автобуспен, таксимен және тағы басқа көліктермен жолаушы тасымалдау бүгін, яғни 30 наурыз күнгі сағат 00.00 минуттан бастап арнайы ескертпеге дейін тоқтатылады.
Облыс орталығындағы парк, сауна, массаж, бильярд, компьютер орталығы, ойын бөлмелері, интернет-клуб, боулинг, букмекерлік кеңселер, лото, спорт кешендері (үйірме, секциялар), футбол алаңдары, балаларды дамыту орталықтары және көпшілік көп шоғырланатын басқа да нысандардың жұмыстарына шектеу қойылды.
Сонымен қатар, автокөлік, киім-кешек, мал базарлары, тойхана, той салондары, банкет залдары жабылады, үй жағдайында өткізілетін мерекелік, дәстүрлік (өзге ұлттардың ата-аналар күні, құран оқыту, тағы басқалар) іс-шаралар уақытша тоқтатылады.