Трамптың талабына талағы тарс айырылған Щи Ресей жағына шықты

БЕЙЖІҢ. 16 шілде. Трамп Мәскеудің сауда серіктестеріне орасан зор баж салығын саламын деп мәлімдегеннен кейін Қытай Ресейге қолдау көрсетуді күшейтуге уәде берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Трамптың тау жаратын талабына талағы тарс айырылып, одан ыққысы келмеген Щи Жиңпиң Ресей жағына біржола шыққандай сыңай танытты. Ол осылайша өзінің бұған дейін де агрессор елге көмектесіп келгенін анық айғақтап берді.
«Қытай төрағасы Щи Жиңпиң АҚШ президенті Дональд Трамп Мәскеудің сауда серіктестеріне екінші реттік санкциялар саламын деп қорқытқаннан кейін Ресейге қолдауды арттыруға уәде берді», – делінген хабарламада
Қытай лидері Бейжіңде Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесуі кезінде екі елдің сыртқы істер министрліктері президент Владимир Путинмен қол жеткізген «маңызды келісімдерді тиімді жүзеге асыруы», сондай-ақ «Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты көпжақты алаңдарда өзара қолдау мен ынтымақтастықты күшейтуі» керектігін атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің қауіпсіздігі мен даму мүддесін қорғау қажеттігін айтты.
Бұдан бір күн бұрын, 14 шілдеде Трамп «егер Ресей 50 күннің ішінде Украинадағы соғыста бітімгершілікке келмесе, АҚШ Мәскеу мен оның ең ірісі Қытай болып табылатын сауда серіктестеріне «барынша қатаң», 100 пайыздық мөлшерде баж салығын енгізетінін айтқан болатын.
Бейжің, өзінің ресми ұстанынымына сәйкес, Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қолдамайды, ол тіпті бұл қақтығысты шешудің өз жоспарын да ұсынып көрген. Бірақ «ұсынысы» Бейжіңнің өзі мен Мәскеуден басқа ешкімнің көңілінен шыққан жоқ.
South China Morning Post мәнбелерінің хабарлауынша, шілде айының басында Еуропа одағы сыртқы істер министрі Кая Калласпен кездесуінде Қытай сыртқы істер министрі Ван И Бейжің Мәскеудің бұл соғыста жеңілуіне жол бере алмайтынын айтқан. Ол мұндай сценарийде АҚШ назарын толығымен Қытайға аударатынын түсіндірді. Осыған орай Қытай СІМ басшысы Бейжің Мәскеуге шынымен көмектессе, «соғыс әлдеқашан бітер еді» дегенді айтуды да ұмытпады.
«Бұған дейін Трамп Бейжіңді Ресейдің әскери машинасын қолдауды тоқтатуға мәжбүрлеу үшін Қытайға қысым көрсетуге батылы бармады», деп атап өтті Bloomberg ақпарат көздері. Олардың айтуынша, АҚШ президентінің әкімшілігі Уашингтон өзінің басты геосаяси қарсыласы санайтын Қытаймен қарым-қатынастағы екіжақты мәселелерге баса назар аударуды көздеп отыр. Сондықтан маусым айының басында Щи Жиңпиңмен телефон арқылы сөйлескен кезде Трамп Украинадағы соғыс тақырыбын қозғамай, саудаға баса назар аударған еді.
Үстіміздегі жылдың мамыр айында Мәскеуге соңғы сапары кезінде Щи Жиңпиң Путиннің Украинаға қатысты ұстанымын қолдады. Екі лидердің бірлескен мәлімдемесінде соғысты тек қақтығыстың «түпкі себептерін жою арқылы» тоқтатуға болатыны айтылған. Қытай басшысы сондай-ақ Бейжің мен Мәскеу АҚШ-қа «табанды» қарсы тұру және жаңа әлемдік тәртіпті қорғау үшін ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруі керек екенін атап өтті.






