Қазақстан ресейліктерге электр станцияларын салдырмайтын болды

АСТАНА. 15 шілде. Қазақстан ресейлік мамандарға электр станцияларын салудырудан бас тарту жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстандықтар үшін бұл жағымды жаңалықты Премьер-министр Олжас Бектенов жеткізді. «Қазақстан еліміздің үш қаласында жылу-электр орталығын салу жобасын өз бетінше жүзеге асыруға кірісті», деді ол бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуде.
«Бастапқыда Астана 2,7 миллиард долларға бағаланған нысандардың құрылысын салу жөнінде Ресеймен келіскен болатын», деп еске салды Үкімет басшысы.
«Бірақ біз Ресей тарапынан кепілдендірілген, арзандатылған қаржыландыру беру туралы нақты ақпаратты әлі алған жоқпыз, сондықтан Көкшетауда ешкімге жүгінбей-ақ өз күшімізбен құрылыс салуды бастадық», – деді Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Премьердің айтуынша, Қазақстан Семей мен Өскемендегі әрқайсысының қуаттылығы 360 МВт (Көкшетауда – 240 МВт) қалған екі жылу-электр орталығына қатысты жауапты әлі де Ресей тарапынан күтіп отыр. «Егер жақын арада жауап болмаса, бұл жобаларды өз бетінше жүзеге асырудың нұсқаларын да қарастырамыз», – деген ол биліктің «жылу да, электр энергиясы да қажет» болғандықтан көп күтуге шамасы келмейтінін айтты.
Қазақстанда жылу-электр орталығын салу туралы келісім 2023 жылдың қарашасында президент Владимир Путиннің елге сапары кезінде жасалған. Бұл туралы меморандумға екі елдің энергетика министрліктері қол қойған.
2024 жылы Мәскеу мен Астана нысандарды салу туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Жұмыспен бас мердігер ретінде «Интер РАО» айналысатын болды, ал негізгі жұмыс түрлері мердігерлерге тапсырылды. Келісімге сәйкес, 2,7 миллиард долларға бағаланған жобаны қаржыландыруды ресейлік банктер қамтамасыз еткелі отыр. Олар 15 жыл мерзімге несие беруі тиіс болатын.
Өткен аптада Энергетика министрлігі басшысының орынбасары Бақытжан Ілиясов инвесторларды іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын баяндаған болатын. Оның айтуынша, Астана бұл жұмыстарға Қытай мен Кореяның энергетикалық компанияларын тарта алады.






