Трамп енді Путин мен РФ экономикасының шаруасын бітіреді

УАШИНГТОН. 9 шілде. Америка билігі Дональд Трамптың сан рет айтқан өтінішіне иілмеген Кремльге қарсы күйрете соққы беруші заң қабылдауға дайын екенін білдірді. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ақ үй қожайынының соғысты тоқтату жөніндегі қаншама сұранысын созбақтатып, су аяғын құрдымға айналдырып жіберіп келген Ресей басшылығына төзбестік хәлге жеткендерін айтып, қарсы әрекетке көше бастады. АҚШ Сенаты қазір Ресей экономикасына жаңа соққы дайындап жатыр. Бүгін кешке талқылауға ұсынылатын заң жобасында Кремльге қарсы санкцияны күшейту жайы көтеріледі.
Бастаманың авторы сенатор Линдси Грэм жаңа заң АҚШ президентіне Украинадағы соғысты тезірек аяқтау үшін Ресейге жасалатын қысымның тетіктерін көбейтіп береді деп есептейді.
Грэмнің айтуынша, ол бейбітшілікті орнату үшін Дональд Трамптың жасап жүрген әрекеттерін жоғары бағаласа да, қанды қасапты тоқтатуға тек қана келіссөз арқылы жетемін деу әурешілік екенін, мұнда сонымен қатар пәрменді іс керек болатынын мәлімдеді. Сенатор сондай-ақ Украинаның бітімге де, оған байланысты кез келген кездесуге де дайын екенін бірнеше рет білдіргенін еске салып өтті, бірақ Путин осы талпыныстардың бәрін аяққа таптап кетіп отырды. Ресей диктаторы қайта Трамп өзімен телефон арқылы сөйлескен күннің түнінде Украинаға шабуыл жасап, соққы беруді еселеп арттырып жіберіп келді.
Саясаткер мағынасыз әңгіме мен тоқтаусыз кісі өлтіруді «жеңілген стратегия» деп атады. Оның айтуынша, Америка халқы қанішер диктатордың өтірігіне шектеулі уақытқа дейін ғана шыдайды.
Жаңа заң жобасының барлық егжей-тегжейлері жарияланбайды, бірақ жаңа санкциялар пакеті Ресейдің энергетикалық секторына да, шектеулерді айналып өтуге көмектесетін қаржы құрылымдарына да әсер етуі мүмкін.
Бұған қоса, заң жобасында қолданыстағы санкцияларды айналып өту үшін Кремльге қолдау көрсетуді жалғастырып жатқан елдер үшін импорттық баж салығын арттыру және шектеулер туралы ережелер болуы мүмкін.
Украинада бейбітшілік орнағанын қаламайтын, жағдайдың бұдан әрі ушыға түсуіне әрекет жасап отырған Владимир Путиннің позициясына көңілі толмаған Дональд Трамп енді Ресейдің энергия ресрустарын сатып алатын елдерге қарсы 500 пайыздық баж салығын салуды міндеттейтін заң жобасын қабылдауға пәрмен беруі әбден мүмкін. Құжат авторларының бірі сенатор Линдси Грэм енді өзінің қозғалысын президенттің қолдайтынын айғақтады.
«Трамп маған «қозғалатын уақыт болды, біз енді істі бастаймыз» деді» дегенді айтты Грэм сейсенбі күні. Мұның ақыры Путин мен Ресей экономикасының шаруасын біржола бітіруге алып барады.






