
Студент кезіміз еді. КазГУ-дің биология факультетінің зәулім акт залында Жұмекен Нәжімеденовті еске алу кеші өтті. Қазақ жырындағы ғаламат құбылыс саналған Жұмекен ағаның өмірден озғанына көп бола қоймаған-ды. Ол тұстағы өлеңқұмар жастардың ешқайсысы мұндай кездесуден қалыс қалмайды. Ат шаптырым залдан орын тимегендер есік аузында түрегеп тұрды. Бір сәтте мінберге Ақұштап апамыз шықты. Аты-жөніне қанықпыз. «Жұлдыз» бен «Жалынға» суреті талай рет басылған. Бірақ өзін анықтап, жақыннан көріп тұрғанымыз осы. Қазақтың танымал сөз зергері. Шамамен, бүгінгі талантты жас ақын Толқын Қабылшадай кезі. Бәлкім, сәл кішірек те болар. Өте байсалды екен. Ақұштап апам көп сөйлеген жоқ. Қысқа қайырды да, «Қоңыр» деген өлеңін оқыды. Өзіміз алғаш рет естіген соң ба, бұл өлең осы кешке арнап жазылғандай көрінді.
Күй шерткен оңашада домбырадан,
Күн кешкен жыр жолына болып алаң.
Даланың қоңыр күйін сүйіп өткен,
О, менің дала мінез, қоңыр ағам!
Жандырдың алуан ойдың отын іште,
Жыр жолын айналдырдың бекініске.
Танылдың озық ойлы саналыға,
Санасыз танымаса өкініш пе?!
Бұл туынды жиналған жұртқа қатты әсер етті. Залдағылар сілтідей тынып қалды. Айналаның бәрін бір қоңыр әуен билеп тұрғандай. Қоңыр өлең… Қоңыр ақын. Қоңыр күй. Қоңыр үн… Қоңыр деген ұғымның қазақ даласы һәм қазақ баласы деген түсініктің талассыз баламасы екенін сол жолы жан-тәнімізбен сезінгендей болдық. Ұқтырған Ақұштап ақынның жаңа жыры еді. Бұдан соң біз бұл өлеңнің бірнеше шумағын жаттап алып, оқу бітіргенше «О, менің дала мінез, қоңыр ағам!», – деп сандуғаштай сайрадық та жүрдік. Ұлт өлеңінің ұстасы Жұмекенге арналған жақұт жырдың есімізде сақталып қалатындай тағы бір себебі бар еді. Осы дүниенің ой-тұжырымы өзімізбен қатар оқыған қарымды қаламгер, курстастары арасында «Қоңыр» атанған, үнемі қоңыр түсті киім киіп жүретін Құлтөлеу Мұқаштың тұрпаты мен табиғатына да дәл келетін…
Бұл Ақұштап Бақтыгереева поэзиясының біздің дәуіріміздегі студенттер арасындағы таныстыру рәсіміндей болған туынды еді. Бұдан соң Ақұштап әлеміне терең бойлауға тырыстық. Жылдар өте келе әдемі әпкеміз әр қырынан танылды. Ақын Ақұштап. Ару Ақұштап. Ана Ақұштап. Ақжайықтағы Ақұштап. Ақ шағала сынды Ақұштап… Бірақ біз үшін ол – сол баяғы әйгілі «Қоңырдың» авторы. КазГУ-дің қалашығына барғанымызда биофактың жанынан өткен сайын қоңыр үн құлағымызға келеді. Сол қоңыр әуеннің жанымызды жадыратып, жадымызды жайнатып, жүрегімізді тербеп жүргеніне қырық жыл… Әлі де тербей түссе дейміз…
* * *
Ардақты Ақұштап апам мерейлі белеске шықты! Жай, тек әдемі әпкеміздің әдемі жасына орай әдемі тілек қосқымыз келді…
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
2024 жыл
«Шағала» жинағынан






