Мәскеуде белгілі жазушы Юрий Бондарев қайтыс болды
МӘСКЕУ. 29 наурыз. Мәскеуде белгілі орыс-кеңес жазушысы Юрий Бондарев қайтыс болды. Бұл туралы lenta.ru хабарлады.
Ақпарды жазушының әйелі Валентина Бондарева растаған. Айтуынша, күйеуі үйде жантәсілім еткен.
Юрий Бондаревтің жасы 96-да еді. Ол 1924 жылғы 15 наурызда Мәскеуде туған. Бір мәрте Лениндік сыйлықтың, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері, майдангер – Ұлы Отан соғысына қатысушы. Қоғамдық қызметімен де танымал болған.
Оқырман қауым жазушының қаламынан туған «Батальоны просят огня», «Последние залпы», «Горячий снег», «Тишина», «Берег», «Игра», «Выбор» секілді көптеген туындыларын жақсы біледі. Шығармаларының денін соғыс тақырыбына арнады. Олардың басым көпшілігі бойынша кинофильмдер түсірілді. Барлығы да жақсы бағаланды. Қаламгер олардың барлығының да сценариін жазуға қатысты.
Жазушы 1988 жылы Бүкілодақтық партия конференциясының мінберінде тұрып, Михаил Горбачев жариялағын жариялылықты сынаған. Ол мұны қонатын жерінде алаң барын білмей тұрып, әуеге көтерілген ұшақпен теңеді. Бұдан басқа, Бондарев баспасөз беттері мен телеарналарда кеңес елінің кешегі кездегі барлық тірліктерін қаралаушылыққа қарсы шықты. Ал 1994 жылы өзінің 70 жылдығына байланысты Борис Ельцин марапаттағын «Халықтар достығы» орденін алудан бас тартты.
Юрий Бондарев өзіндік қолтаңбасы бар жазушы ғана емес, сонымен бірге өзіндік ұстанымы да болған азамат еді.