Полиция қызметкерлері балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді

ҚЫЗЫЛОРДА. 17 маусым. Қызылордада полиция қызметкерлері балаларға қауіпсіздік ережелері турасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қызылордада тәртіп сақшылары балалардың құқықтық және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырып, жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз етуге бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Соның жарқын бір мысалы – бұл жолы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Арал ауданындағы «Қамбаш» балалардың жазғы тынығу лагерінде және Шиелі ауданындағы «Сыр ұланы» жазғы демалыс лагерінде балалармен кездесіп, қауіпсіздік жайындағы әңгіменің арқауын тарқатты.
«Полиция – балалар қауіпсіздігінің кепілі» қағидатын берік ұстанған тәртіп сақшылары балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тәртіп бұзушылықтардың алдын алу бағытталған түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Олар жазғы демалыс кезінде қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін еске сала отырып, балалармен әңгімелер өткізді. Оның ішінде балалардың суда және орманда дұрыс жүріс-тұрысы, жол қозғалысы ережелерінің сақталуы туралы да айтып өтті.
Аталған шара облыс көлемінде орналасқан балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде кезең-кезеңімен өткізілетін болады.






