Қоғамнан оқшау қалған жастармен жұмыс жүргізу жайы талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 17 маусым. Қызылордада маргинал жастардың жайын талқылаған жұмысшы топтың отырысы болып өтті. Бұл туралы Polisia.kz ақпарына сүйенген rast,kz хабарлайды.
Қызылорда қалалық әкімдігінде NEET санатындағы және маргинал жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі жұмысшы топтың кезекті отырысы болды. Кездесуде қоғамнан оқшауланған, жұмыссыз немесе оқу үрдісіне тартылмаған жастардың әлеуметтенуіне бағытталған бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Жиынға жергілікті атқарушы органдар, білім беру, жұмыспен қамту саласының өкілдері мен қалалық пробация қызметінің мамандары қатысты. Кездесу барысында қалалық пробация қызметі бастығының орынбасары Г.Байсариева есепте тұрған жастардың жағдайы жайында айта келіп, олардың әлеуметтік бейімделуіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Мәліметінше, қазіргі таңда пробация есебінде 500-ге жуық сотталған адам тұрса, олардың 130-дан астамын 34 жасқа дейінгі буын құрайды.
Отырыс қорытындысында NEET санатындағы жастарды қоғамға бейімдеу мақсатында бірнеше нақты қадамдар айқындалды. Атап айтқанда, жастарды кәсіпкерлікке баулу үшін «Бизнес бастау» бағдарламасына тарту, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында маусымдық және тұрақты жұмысқа орналастыру, сондай-ақ қысқа мерзімді кәсіби оқуларға жолдама беру туралы шешімдер қабылданды.
Бұл бастамалар әлеуметтік осал топтағы жастардың өмір сүру сапасын жақсартуға, еңбек нарығына бейімделуіне және қоғаммен тығыз байланыс орнатуына мүмкіндік бермек. Жиын соңында жауапты мекемелерге жастармен жұмысты жүйелі түрде жалғастыру, олардың жағдайын тұрақты мониторинг жасау және нәтижеге бағытталған жұмыстарды күшейту тапсырылды.






