Қызылордада музыкалық колледждің жаңа ғимараты қатарға қосылды

ҚЫЗЫЛОРДА. 1 маусым. Бүгін Сыр бойының бас қаласында Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімі баспасөз қызметінің ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Салтанатты шараға Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, академик, Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев және «Саутс Ойл» мұнай компаниясының басшысы Серікжан Сейтжанов және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Вице-премьер Ермек Көшербаев жаңа ғимаратта өнерлі жастар тәрбиелене беруіне тілек білдірді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өнер қайраткерлерінің лайықты ізін жалғайтын өнер ордасының Сыр мәдениетінің қарашаңырағына айналғанын атап өтті.
«Елу жылға жуық тарихы бар Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі Сыр топырағында ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени мұраның, ұлттық өнердің кемелденуіне зор үлес қосып келеді. Бүгінге дейін оқу орны талапқа сай келмейтін ескі ғимаратта қиындықтарға қарамастан жастарға білім беріп, өнерге баулыды. Жаңа ғимаратта студенттерге барлық жағдай жасалған. Үлкен концерт, би залдары, хор бөлмесі бар. Кең музыкалық пәндік кабинеттер жаңа заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Материалдық-техникалық базасы заман талабына сай келетін 200 орындық жатақхана шалғай елді мекеннен келген жас өрендерді қабылдауға дайын», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Аймақ басшысы өз сөзінде күн сайын жаңарып, жасарған облыс келбетіне көрік берген музыкалық колледждің ғимаратын салуға демеушілік жасап, қолдау көрсеткені үшін «Саутс-Ойл» компаниясының басшысы, елімізге белгілі меценат Серікжан Сейтжановқа барша Сыр жұртшылығының және өзінің атынан шынайы ризашылығын білдірді. «Бұл ұлтымыздың тарихи «Қазақ» атауының қайтарылғанының, Қызылорданың Қазақ елінің астанасы болғанының 100 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Жаңа нысан баршамызға құтты болғай!», – деді ол.
Салтанатты шарада Серікжан Сейтжанов пен Руслан Рүстемов жұртшылықты жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Айта кетейік, Президенттің «Туған жерді бірге түлетейік!» үндеуі аясында кәсіпкер-меценаттар, қоғамдық қорлар Сыр өңірін көркейтуге өз үлестерін қосуда. Бүгінде аймақта демеушілікпен 55 млрд теңгеден астам қаржыға жаңа жобалар салынып жатыр.
Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес «Қорқыт Ата әуежайының» жаңа терминалы ашылды. Жобаны іске асыруға «Болат Өтемұратов қоры» 16 млрд.600 млн теңге инвестиция салды.
Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 4 млрд. 300 млн теңге қаржы бөлінді. «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірге «Үстел теннисі орталығы», «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілігімен 350 орындық заманауи үлгідегі «Оқушылар сарайы» салынып, ел игілігіне қызмет етуде.
Жеке инвесторлардың, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының қолдауымен теміржол вокзалына күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл «Қазақстан темір жолы» компаниясының қолдауымен барлық аудандағы теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтуде. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығы салынып пайдалануға берілді.
Президент жариялаған «Балалар жылы» аясында жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен облысымызда 80 спорт-ойын алаңы салынды. Демеушілердің қолдауымен 50-ден астам үйдің қасбеттері заманауи панельмен қапталды, аулалар абаттандырылып, заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылды.
Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған Орталық алаң жерлесіміз Асқар Әубәкіровтің демеушілігімен жаңғыртудан өтті.
Демеушілікпен Жаңақорған ауданында заманауи демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер паркі» қатарға қосылды. Осындай абаттандыру жұмыстары барлық аудан орталықтарында, ауылдарда да жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен жүргізілуде. Демеушілер есебінен Арал ауданы, «Тоқабай» ауылындағы апаттық мектептің орнына құны 500 млн. теңге болатын мектеп салынды.
Бұдан бөлек, Қызылорданың Түркістан облысымен шекарасында кіреберіс қақпа ашылды. Жақында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қолдауымен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Ассамблеяның биылғы 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен жаңадан «Достық үйі» салынып жатыр.