Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Алматыдағы Назарбаев қонысы мен «Кеңсайда» не болып жатыр?

АЛМАТЫ. 16 мамыр. Бүгін Алматыдағы Назарбаевтар резиденциясы мен «Кеңсай» зиратының аумағында ерекше қарбалас орын алғаны байқалды. Бұл туралы Orda.kz ақпарына сүйенген Cfhf хабарлайды.

Алматыда бүгін таңертеңнен бастап Дулати көшесі жабылған. Тұңғыш президент саябағынан жоғары орналасқан Назарбаевтар әулетінің отбасылық қонысына жақын маңда әр 200 метр сайын полиция қызметкерлері тізбектеліп сапқа тұрған.

Сол уақыттан бастап бұл бағытқа көліктердің өтуіне тыйым салынған, түсірілімге де қатаң шектеу қойылған. Кеше осы аумақта басталған күштік құрылымдардың кезекшілігі бүгін күшейе түсті. Форма кигендер саны айтарлықтай артқан. Айналада байланыс нашарлап, кей тұстарда мүлде интернет істемейді.

«Орда» журналистері резиденцияға қарай мәйіт таситын көлікке (катафалк) ұқсас көліктің кіргенін байқады. Тілшілер жақындап бармақшы болғанда күзетшілер дөрекі жауап қайтарды. «Не істейсің? Ішінде адам бар. Айта алмаймын» деген олар.

Тап осы кезде бірнеше полицей көлігінің Алматыдағы танымал тұлғалар жерленген «Кеңсай» зиратының маңында жүргені байқалған. Резиденция маңында полиция қызметкерлері бұлардан барлық түсірілген материалдарды дереу өшіруді талап етті.

Полиция департаменті әзірге ешқандай түсініктеме бермеген жоқ, болып жатқан қозғалыстың себебі де айтылмады. Бірақ осының бәрі Сара Алпысқызы Қонақайдың ақиқатында қайтыс болғанын аңдататын сияқты.

Еске сала кетейік, бұдан екі күн алдын, яғни бұрнағы күні Нұрсұлтан Назарбаевтың Алматыға келгені белгілі болды. Ақпарат құралдары оның бірінші әйелі Сарамен қоштасуға келгенін жазды. Расында экс-елбасы «Совминкаға» барып, алғашқы жұбайымен қоштасқан екен.

Бірақ сол күні Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әдеттегідей Х әлеуметтік желісіне шығып, қаралы хабарды жоққа шығарды. «Бұқаралық ақпарат құралдарынан түскен көптеген сауалдарға жауап бере келіп, Қазақстан Республикасының бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызының қазір ауруханада емделіп жатқанын хабарлаймын. Оның қайтыс болғаны жайлы ақпар шындыққа сәйкес келмейді», – деп жазды ол.

Алайда Orda.kz порталы атап өткендейц, сол кезде Сара Қонақайдың өмірін сақтап тұрған аппарат сөндірілген екен. Сондықтан оның ұзаққа бармасы белгілі еді.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button