АҚШ Украинаға Қырымды біржола Ресейге беруді ұсынғалы отыр

УАШИНГТОН. 22 сәуір. АҚШ Украинаға келіссөздер қорытындысында Қырымды Ресейге біржола беріп кетуді ұсынатын көрінеді. Бұл туралы The Washington Post ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
АҚШ Украинамен және Еуропамен келіссөздер барысында Қырымды Ресейдің меншігі деп тануды ұсынады.
Ертең, 23 сәуір күні Лондонда өтетін Украинадағы ықтимал бейбітшілікті реттеу туралы келіссөздердің жаңа раундында осы мәселе айтылады. «АҚШ Ресейдің Қырымды аннексиялауын мойындайтын және ықтимал бітімгершілік келісімінің бір бөлігі ретінде қазіргі майдан шебін тоқтататын ұсыныс ұсынуды жоспарлап отыр», – деп жазады The Washington Post осы мәселемен таныс мәнбелеріне сілтеме жасап. Бастамада Мәскеуге қарсы санкциялардың ішінара жойылуы да қарастырылады.
Мәтбұғаттың жазуынша, Украинаның одақтастары территориялық жағынан ұтылысқа бару арқылы Киев қауіпсіздігінің кепілін, сондай-ақ соғыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламаларын таңдайды деп есептейді. WaPo-ның дерегінше, Франция, Ұлыбритания және Германия мұндай шарттар кез келген бейбіт келісімнің ажырамас бір бөлігі болуын талап ететін болады, яғни Украинаны осыған көндіруге күш салады. Демек, Киев Қырымды беріп қоя салу арқылы бейбітшілікке қол жеткізуі тиіс. Сонымен бірге, Еуропаның осы үш елінің ұсынысына сәйкес, Ресейдің бұғатталған активтері Украинаны қаржыландырудың ықтимал көздерінің бірі болуы мүмкін.
Украина президентінің өз атын атамаған кеңесшісі Америка тарапының ұсынысы құдды бір Киев үшін ең қолайлы ереже сияқты айтылып жатқанын, бірақ украин тарапы бұған үзілді-кесілді қарсы екенін айтты,
The Washington Post газетінің жазуынша, Еуропа мен Украина шенеуніктері өздерінің бейресми сұхбаттарында Киевтің жоғалтқан территорияларын жақын арада қайтарып алуы екіталай екенін мойындаған. Алайда олар Ресейдің жаулап алған жерлерін сақтап қалуына және Украинаға айтарлықтай жеңілдіктерге қол жеткізбей тұрып, Мәскеуден санкцияларды алып тастауға мүмкіндік беретін келісімді кейінге қалдырғанды дұрыс санайды.
Басылымның мәнбелері атап өткендей, Қырымды ресейлік деп тану идеясы АҚШ президентінің Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткоффтың Мәскеуге сапарынан кейін туындаған. Әңгімелесушілердің бірінің айтуынша, бұл бастама оның ұсынысы болған. Сонымен бірге, WP Уашингтонның Украинаны түбектің аннексиясын ресми мойындауға мәжбүрлеуді көздемейтінін атап көрсетеді.
Осының аясында Еуроодақ дипломатиясының басшысы Кая Каллас бейбіт келісім аясында Қырымды Ресей территориясы деп тану әрекеті АҚШ тарапынан болып отыоған өрескел қателік екенін мәлімдеді. Ол Еуроодақтың аннексияны мойындамағанын және мойындамайтынын айтты: «Қырым – Украинаныкі». Сондай-ақ оның айтуынша, Уашингтон Мәскеуге қысым көрсетудің толық арсеналын әлі пайдаланған жоқ, бұл Киев пен оның еуропалық одақтастарының алаңдаушылығын тудырып отыр. «Олардың Ресейге қарсы қолдануға болатын құралдары бар, бірақ оларды пайдаланбайды», – деп атап өтті Каллас.
Украина президенті Володимир Зеленський Қырымды Ресейдікі деп танудың мүмкіндігін үзілді-кесілді жоққа шығарды. 22 сәуірде өткен брифингте ол: «Бұл біздің Конституциямыздан тыс нәрсе, Қырым – біздің жеріміз, Украина халқының аумағы», – деді. Оның пікірінше, Қырымның немесе басқа да басып алынған аймақтардың мәртебесін талқылау әрекеті тек Ресейдің қолайына жағады, соны дандайсытады және соғыстың ұзара түсуіне апарып соқтырады. «Біз 12 жылдан бері күресіп келеміз – бұл жалпы Ресеймен келісімге келуге бола ма деген сұраққа қазірдің өзінде жауап. Тез арада келісімге келуге бола ма? Жоқ. Қысымсыз мүмкін емес», – деді Зеленський. Ол қысым мәселесі бүкіл халықаралық қауымдастықтың күн тәртібінде тұруы керек екенін және ең алдымен АҚШ-тың да осы сияқты сұрақтарды қоюы керектігін айтты.