Бокс: сапында қазақ қызы бар Ресей құрамасы бірінші орынға шықты

БЕОГРАД. 17 наурыз. Бүгін түнде Сербияның Ниш қаласында мәреге жеткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатында Ресей бірінші орынды жеңіп алды. Бұл туралы vesti.kz дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Чемпионатта 4 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль алған Ресей құрамасы бірінші орынға шықты. Оның құрамындағы омбылық қазақ қызы Салтанат Меденова 81 келіге дейіінгі салмақтың финалында түрік Исильдар Бусруды 4:1 етіп ұтып, өз командасына төртінші алтын медальді алып берді. Ол – Ресейдің 2021, 2023, 2024 жылдарғы чемпионы, Еуропа чемпионатының жүлдегері.
Ресей құрамасы құрамында бұдан бөлек біздің Виктория Графееваны жеңген Нуне Асатрян (60 кг), сондай-ақ Елена Гапешкина (70 кг), Анастасия Шамонова (75 кг) әлем чемпиондары атанды.
Көрші ел терме жамағаты сапында 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен астрахандық қазақ қызы Альбина Молдажанова чемпионаттың ширек финалда біздің Жасмин Қизатованы ұтып, қола жүлде алды.
Екінші орынға 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медалі бар Қазақстан құрамасы орналасты. Біздің құрама сапында Назым Қызайбай (48 кг), Алуа Балқыбекова (50 кг) және Аида Әбікеева (63 кг) чемпион болса, Виктория Графеева (60 кг) мен Елдана Тәліпова (+81 кг) – күміс, ал Наталья Богданова (70 кг) қола жүлдегер атанды. Команданы бұл жеңіске бас жаттықтырушы Елдос Сайдалин жеткізді. Қазақстан әйелдер құрамасы осы жолы өзі бұрын-соңды қол жеткізбеген жеңісіне жетті.
Ширек финалда Жайна Шекербекова (54 кг), Карина Ибрагимова (57 кг), Жасмин Қизатова (66 кг) және Надежда Рябец (75 кг) ұтылып, медальдер ауылына бір қадам жерде, жарыс жолынан шығып қалды.
Чемпионат қорытындысында алтын медаль иелері – 100 мың, күміс медаль иелері – 50 мың, қола медаль иелері – 25 мың, ал 4-5 орындардағылар 10 мың доллар сомасында сыйақылар алады.
Айтқандай, біздің Назымның финалдағы ресейлік қарсыласы Юлия Чумгалакова бауырлас башқұрт миллетінің өкілі болатын. Қызайбай бұған дейін 2014, 2016 жылдары әлемді бағындырған еді.
Тағы бір айта кететін жайт, 66 келіге дейінгі салмақта алтыннан алқа таққан түрік қызы Бусеназ Сюрменели де әлемнің үш дүркін чемпионы атағына қол жеткізді. Ол бұған дейін 2019, 2022 жылдары әлем чемпионы атағын жеңіп алған.
Чемпионатта 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жинаған Түркия құрамасы мәреге үшінші болып жетті. Төртінші орынға Қытай (1 алтын, 1 күміс, 3 қола), бесінші орынға Сербия (1 алтын, 5 қола) жайғасты. Ал 1 күміс, 3 қола медалі бар Өзбекстан 10-орында қалды.
Бір айта кететініміз, осының алдында, 2023 жылы өткен әлем чемпионатында алтын медаль алғандардың бірде-бірі сол жетістіктерін қайталай алмады. Сол жолы 2 күміс, 4 қола медальге қолы жеткен Қазақстан құрамасы 8-орынға табан тіреген болатын.
Біздің түсіндірме: Београд – қаланың серб (сърб) тіліндегі атауы. Түпнұсқалық шын аты. Бізге ол орыс тілі арқылы «Белград» болып өзгеріп жетті. Сондықтан біз осыдан бастап оның өз тіліндегі табиғи қалпы бойынша жазамыз.