Қытай Еуропа жағына өтіп, Трамп-Путин келісіміне қарсы шықты

БЕЙЖІҢ. 6 наурыз. Қытай билігі күн сайын күшейіп бара жатқан Трамп – Путин тандемінен шошып, өз позициясын Еуропаға қарай бұрды. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қытай АҚШ президенті Дональд Трамптың Еуропаға деген көзқарасына қатты қайран қалып, Украинадағы бейбітшіліктің ахуалын тек АҚШ пен Ресей анықтап, шеше алмайтынын атап өтті.
Қытай Трамп әкімшілігінің Еуропа елдеріне жасаған шабуылдары аясында кәрі құрлықты жақтап, Уашингтон мен Мәскеудің Украинаға қатысты басқа мүдделі тараптардың қатысуынсыз келісімге келмек болып отырған әрекеттеріне қарсы шықты.
Қытайдың Еуропадағы арнайы өкілі Лу Шэй Трамптың Еуропадағы одақтастарына деген көзқарасына таң қалып, Украина жөніндегі бейбіт келісімді тек Ақ үй мен Кремль анықтай алмайтынын қадап айтты.
Дипломат Американың қазіргі әкімшілігінің Еуропаға қатысты саясатын «арсыздық» және «өктемшілік» деп атады.
«Шынымды айтсам, Еуропа тұрғысынан алғанда, бұл – өте қорқынышты», – деді ол сосын.
Арнайы өкіл Еуропа елдерін қазіргі шынайы шындықтарды ой елегінен өткізуге және «Трамп әкімшілігі ұстанып отырған саясатты Қытай үкіметінің саясатымен салыстырып көруге» шақырды.
Оның айтуынша, Бейжің «бейбітшілік пен өзара тиімді ынтымақтастыққа» бағытталған дипломатиялық көзқарасты ұстанады.
Газет дипломаттың бұл жайында Қытай халықтық саяси консультативтік кеңесінің сессиясында айтқанын жазды.
Уашингтон мен Мәскеудің Украинаға қатысты байланыстарына тоқталған арнайы өкіл бейбітшілік процесіне барлық мүдделі тараптардың қатысуы керек екенін атап өтті.
Ол өздерін таңдаулы санап отырғандардың еркімен кете бермей, жағдайды ретке келтірудің барлық ықтимал варианттарын тең құқылы пікірталас аясында қарастыру керек екенін алға тартты.
Dialog.UA бұрын хабарлағандай, Қытай шенеуніктерінің АҚШ-қа қатысты риторикасы Трамптың Қытай тауарларына салынатын баж салығын 10%-дан 20%-ға дейін екі есеге арттыру туралы шешіміне байланысты соңғы кездері айтарлықтай қатқылдана түсті. Осыған орай Бейжің АҚШ-пен сауда соғысына дайын екенін мәлімдеді.