Уашингтон Зеленьскийді Трампқа «күйе жағудан» сақтандырды

УАШИНГТОН. 20 ақпан. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Украина президенті Володимир Зеленьскийге Ақ үйдің қожайынына «күйе жаға» берудің қажеті жоқ екенін ескертті. Бұл туралы УНИАН ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Джей Ди Вэнс DailyMail газетіне берген сұхбатында Украина президенті Володимир Зеленьскийді президент Дональд Трампты сынаудан сақтандырып, Ақ үйдің басшысына «күйе жағудың» өзіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтып сақтандырды. Бұл мәлімдеме Зеленьскийдің Украина президентінің болжамды рейтингі төмен екендігі туралы айтқан «Трамп ресейлік жалған ақпараттың құрбаны болды» деген сөздеріне берілген жауап болды.
«Зеленьскийдің президент пікірін оны бұқаралық ақпарат құралдарында қаралау арқылы өзгертуге болады деген ойының әкімшілікпен қарым-қатынас жасасудың жиіркенішті әдісі екенін Трампты білетін кез келген адам айта алады», – деді Вэнс.
Вице-президент бұған, өзінің ойынша, Зеленьский АҚШ әкімшілігімен қалай қарым-қатынас жасасу жөнінде әлдекімдерден «нашар кеңес» алып жүрген болуы керек дегенді қосты.
Вэнс бұдан ары украин халқына құрмет көрсететінін, Украина қарулы күштерінің ерлігіне риза болатынын жеткізді. Бұған қоса, ол Ақ үй соғысты тезірек тоқтатуды қалайтынын еске салды. «Бұл – АҚШ президентінің ұстанымы. Ол Ресейдің жалған ақпаратына емес, Дональд Трамптың геосаяси ортаны терең түсінуінен туған және оның ұзақ уақыт бойы ұстанған берік сеніміне негізделген жайт», – деді Вэнс.
Дональд Трамп бұған дейін Кремль насихатын еріксіз еске түсіретін бірнеше тезис жасаған болатын. Атап айтқанда, Владимир Путиннің Украинаға қарсы жасаған соғысына Володимир Зеленьскийдің өзін кінәлі деп шығарды. Трамп сондай-ақ басқыншылық соғыстың бас кезінде Киевте Мәскеумен бірге отырып, жанжалды ретке келтірудің, сөйтіп, айтарлықтай ауқымды территориясынан айырылмау мен көп мөлшердегі адам шығынына жол бермеудің «барлық мүмкіндіктері бар еді» деп соқты. Алайда Америка президенті сол кездері мұны жүзеге асырудың қандай жолы болғанын анықтап айтып бере қоймады.
Ол егер өзі 2020 жылы президент орынтағында қала бергенінде Ресей су бүркіп отырған сепаратистер Донбаста төрт жыл бойы соғыс жүргізгеннен кейін бұл жаққа басып кірушіліктің орын алмайтынын тағы қайталап айтты. Бірақ осы әңгіме барысында Қырымда аннексиялап алғаннан кейін басталып кеткен гибридтік соғыстың жүргеніне сегіз жыл толғасын Владимир Путинннің Украинаға кең ауқымды шабуылмен басып кіргенін бір рет те аузына алмады.
Трамп сондай-ақ Украина бейбіт келіссөздерге қатысу үшін алдымен президент сайлауын өткізіп алуы керек деген бопсаны алға тартты. Себебі, қазір Зеленьскийдің рейтингі небәрі 4% шамасында болып тұрыпты-мыс.
Ал Украина перзиденті артынша өзінің рейтингі туралы Трамп таратқан мәлімдемені жоққа шығарып, оны ресейлік алаяқтық деп атады. Ол Киев халықаралық әлеуметтану институтының (KIIS) деректері бойынша өзінің қазіргі сенім рейтингі 57% (желтоқсандағы жағдай бойынша – 52%) болып тұрғанын айтты.