ӘлеуметЖаңалықтар жаңғырығы

АҚШ пен Ресей Украина үшін үш сатылы бітім жоспарын ұсынады

ӘР-РИАД. 18 ақпан. АҚШ пен Ресей Украинаға Зеленьскийді міндетті түрде қайта сайлаудан өткізетін үш сатылы бітім жоспарын дайындап жатыр. Бұл туралы Fox News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

АҚШ пен Ресей басшылығы қарастырып жатқан Украинаға қатысты бейбітшілік жоспарының үш кезеңнен тұратыны белгілі болды. Ол атысты тоқтату, Украинада президент сайлауын өткізу және ақтық бейбіт келісімге қол қою деп аталады. Мұның жайы бүгін екі елдің Сауд Арабиясында өткен келіссөзінің қорытындысында айтылды. Оны Fox News тілшісі Жакки Генрих өзінің X парақшасында жазды.

Негізі, мұндай әңгіме алғаш рет бұдан бірнеше күн бұрын Ақ үй әкімшілігі ауқымынан шыққан болатын.

«Бірнеше шетелдік дипломатиялық ақпарат мәнбелері Fox News тілшісіне АҚШ пен Ресей Украинада жаңа сайлау өткізуді реттеу процесінің сәттілігінің кілті деп санайтынын айтты. Әйткенмен, бұл тармақ айтарлықтай дау туғызуы да мүмкін, себебі, Ресейдің өзінде ешқашан нағыз әділ сайлау өткен емес және украиналықтар ресейшіл қуыршақ президенттің сайланып кетуіне жол бере қоймас», – деп жазды журналист. Бұған дейін Еуропарламент депутаты Сергей Лагодинский өз ақпарат мәнбелеріне сілтеме жасай отырып, мұндай жоспардың бар екенін баяндаған еді. «Украинада бейбітшілік орнамай тұрып, президент сайлауын өткізу деген – Трамптың Путинге жасаған сыйы» деп атап өтті ол.

«Ақ үй бейбітшілікті ретке келтірудің үш кезеңнен тұратын ұсынысына жақын арада ресми түсініктеме береді», деді Генрих. Оның айтуынша, украиналық дипломатия корпусы Ресей президенті Владимир Путиннің «[Украинадағы ықтимал сайлауда] ресейшіл қуыршақ президент сайлануы мүмкіндігі айтарлықтай жоғары деп есептейтінін» алға тартады». Журналистің өз мәнбесінің пікірінше, Кремль Украина президенттігіне Володимир Зеленьскийден басқа кез келген үміткердің «икемді әрі келіссөздер мен жеңілдіктерге дайын» ​​болатынына сенімді болып отыр. Ал Дональд Трамп ықтимал сайлаудың кез келген нәтижесін қабылдай береді, оның ішінде Мәскеуге бағынышты саясаткердің сайланып кетуіне де қарсы емес. Сонымен қатар, мәнбелер Трамп пен Путиннің «қазіргі президенттің Украина сайлауында қайта сайлану мүмкіндігі төмен» деп санайтынын да айтып жатыр.

Ал Әр-Риадта өткен бүгінгі АҚШ-Ресей келіссөзінің қорытындысы бойынша АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио соғысты тоқтату үшін «күрделі және қарқынды дипломатия» мен екі жақтан жеңілдіктер қажет екенін айтты. Сыртқы саясат департаменті басшысының айтуынша, Трамп «Украинадағы қақтығысты әділ аяқтайды, ол соғыстың 2-3 жылдан кейін қайта өріс алып кетпеуін қамтамасыз етуге үміт артады. Саясаткер сондай-ақ келіссөздердің бір сәттерінде оған Еуроодақ елдері де қатысуы керек дегенді қосты.

Бұған дейін Зеленьский Украина АҚШ пен Ресей арасындағы Украинаның қатысуынсыз қабылданған ешбір келісімді мойындамайтынын мәлімдеген болатын.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button