Сауд Арабиясында АҚШ пен Ресей өкілдері келіссөз жүргізді

ӘР-РИАД. 18 ақпан. Бүгін Сауд Арабиясында АҚШ пен РФ ресми делегацияларының соңғы жылдардағы бірінші кездесуі өтіп, Украинадағы соғысты аяқтаудың қадамдары талқыланды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Неміс толқыны» (DW) радиосы қазір ғана РФ мен АҚШ делегациялары арасында өткен келіссөздің аяқталғанын атап өтті. «Сауд Арабиясында РФ және АҚШ-тың ресми делегацияларының соңғы жылдардағы бірінші кездесуі мәреге жетті. Онда Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі қадамдарды талқылау жоспарланған еді. Келіссөзге Украина да, еуропалықтар да қатысқан жоқ», – делінген хабарламада.
DW-ның жазуынша, Саудияда АҚШ пен Ресей өкілдерінің соңғы ұзақ жылдардағы бірінші ресми кездесуі өткен. Екі елдің делегациялары сейсенбі, 18 ақпан күні таңертең Әр-Риадта келіссөз жүргізді. Онда көптеген басқа мәселелермен бірге РФ-ның Украинаға қарсы соғысын тоқтатудың жайы талқыланады деп күтілді.
Келіссөзде Ресей тарапын сыртқы істер министрі Сергей Лавров, РФ президентінің көмекшісі Юрий Ушаков және Ресей тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриев танытса, АҚШ атынан мемлекеттік хатшы Марко Рубио, АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Майк Уолц және Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф болды.
Украина мен Еуропа елдері келіссөзге қатыстырылған жоқ. Киев тіпті мұндай шара өтетіні жөнінде құлақтандырылмады да, соған орай оны шақырған ешкім болмады. Украина президенті Володимир Зеленьский Украинаның Саудиядағы өкілі бұл кездесуге қатыспайтынын айтты. «Украина өзінің қатысуынсыз өтетін Украина жөніндегі кез келген келіссөзді өзі үшін ешқандай маңызы жоқ іс деп бағалайды, біз өзімізсіз өткен кез келген келіссөздің нәтижелерін мойындамаймыз», – деді ол өз сөзінде.
Осының алдында, кеше кешке Франция, Германия, Ұлыбритания, Польша, Италия, Испания және Дания елдерінің лидерлері Парижде кездесіп, шұғыл саммит өткізген болатын. Онда Еуроодақ елдерінің басшылары Украинаға қауіпсіздік кепілін беруге дайын екендері жөнінде келісімге келді.
Қазірдің өзінде Ұлыбритания мен Эстония соғыс аяқталғаннан кейін Украина жеріне өз әскерлерін апарып қоятындарын мәлімдеді. Бүгін олардың қатарына Швеция қосылды. Бұдан бөлек, Еуропа одағы30 мыңдық армия апаруға ниетті болып отыр.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Украинадағы соғыстың сылтауынан Ресеймен тікелей байланыс орнатуға барын салып кірісіп, келіссөзді Киевтің қатысуынсыз өткізіп жатқан АҚШ еуропалықтар тарапынан қатты сынға ұшырағаннан кейін мемлекеттік департаменттің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс сөз алып, Әр-Риадтағы кездесудің ешқандай да келіссөз емес, тек екі ел басшыларының телефон арқылы сөйлескен сөздерінің жалғасы ғана екенін мәлімдеді.
Бұдан бұрын АҚШ президенті Дональд Трамптың өзі Владимир Путинмен жақын уақытта Сауд Арабиясында кездесетінін, онда РФ-ның Украинаға қарсы соғысын аяқтау мәселесі талқыланатынын баяндаған болатын. Ол сонымен бірге бұл келіссөзге Володимир Зеленьскийдің де қатысатынын айтты.