Самараның экс-мэрі мен әйелін немерелері өлімші етіп ұрып өлтірген

МӘСКЕУ. 7 ақпан. Ресейдің Самара қаласының бұрынғы мэрі мен әйелін олардың немере қыздары өлтіріп, денелерін бөлшектеп, қоқысқа тастаған. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Самарада экс-мэр Виктор Тархов пен оның әйелі Наталья кісі қолынан қаза тапты. Мұны жасады деген күдікпен олардың 29 жастағы немере қыздары Екатерина Бельская ұсталып, қамауға алынды.
Тергеушілер күдікті қарияларды үйлеріндегі мүліктерін сатып, ақшаға айналдыру үшін өлтіріп, денелерін бөлшектеп, далаға қарай біртіндеп тасыған деп есептейді. Осыған байланысты оған қарсы екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тарховтардың кенеттен жоқ болып кеткендері қаңтар айының аяғында белгілі болған. Олардан көптен хабар ала алмағанына алаңдаған бұрынғы орынбасары Александр Кузнецов полицияға барып дабыл қаққан.
Тексеру кезінде ерлі-зайыптылардың жұртпен соңғы рет өткен жылдың соңында байланысқа шыққандары анықталған.
Қаңтардың басында олар Вилонов көшесі бойында орналасқан үйдегі пәтерлеріне кірген, содан қайтып сыртқа шықпаған. Бұдан кейін Тарховтардың таныстары оның атынан бір хабарлама алған. Онда әйелі екеуінің отбасы мәселесімен Мәскеуге кетіп бара жатқандары жазылған, олар сондай-ақ өздерімен байланысты немерелері арқылы жасап тұруды өтінген.
Кейін бақылау камерасы арқылы тексергенде, 4-8 қаңтар күндері Бельскаяның пәтерден бірнеше рет үлкен қара пакет көтеріп шығып жүргені көрінген. Шамасы, мұнда марқұмдардың бөлшектенген денелерінің қаңқалары болса керек.
RTVI телеарнасының мәнбелері олардың өлімші болып таяқ жегендерін, сосын мәйіттері бір ай бойы қалбырланған бөшкелерде сақталғанын хабарлаған. «ВЧК-ОГПУ» телеграм-арнасының мәліметінше, Бельская атасы мен әжесінің денелерін арамен кескілеп, денелерінің бір бөлігін сұйық азотпен қатырып, олардан біртіндеп құтыла берген. «КП» мен «Рен-ТВ» хабаршылары әйелдің қаңқаларды таксимен тасып, «қаланың әр жеріндегі қоқыс контейнерлеріне лақтырып» кеткенін әңгімелейді.
Тергеу барысында Бельскаяның кісі өлтіруді жасыру үшін алдын ала химиялық заттар салынған канистрлер мен пластик ыдыстарды сатып алғаны анықталды. Тінту кезінде одан өлтірілушілердің телефондары мен төлқұжаттары табылды. Тергеу комитеті оның ата-әжесінің әшекей бұйымдарын қайда сатқанын да анықтап, бұрын әжесінің меншігінде болған, жалған сенімхатпен сатылған көлікті тапты. Бельская қамауға алынды, бірақ әзірге айғақтар беріп отырған жоқ. Shot паблигі әйелдің есірткі пайдаланғанын және бес жыл бұрын туыстары оны әрекетке қабілетсіз деп жарияламақ болғанын айтады. Mash күдіктінің Израиль азаматынан алты жасар ұлы бар екенін, бірақ ерлі-зайыптылар көп жыл бұрын ажырасып кеткендіктен және оның басқа туыстары болмағандықтан, баланың қазір балалар үйінде екенін жазған.
2022 жылы Тархов коронавирустан айығу үшін Ресейден Норвегияға кеткен екен. Бұл «Самара ВВВ-Авиа» жеке авиакомпаниясын басқарған қызы Людмиланың қамауға алынып жатқан кезінде болды. Қызы 2022 жылдың желтоқсанында облыстық дума депутаты Александр Милеевтен 200 миллион рубль бопсалағаны үшін кінәлі деп танылып, жалпы режимдегі колонияда 7 жыл отыруға сотталды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тархов Ресейде оншалықты көп тұрмаған, тек Жаңа жылды қарсы алу мен 3 қаңтардағы туған күнін тойлау үшін Финляндиядан отанына оралыпты. Ал досы Александр Кузнецов бәрі керісінше екенін және экс-әкімнің денсаулығына байланысты үйден сирек шыққанын айтады.
Тархов 2000 жылдары саясатқа белсене араласты. Әуелі ол Самара облысының губернаторы сайлауында екінші орын алып қалды, ал 2002–2006 жылдары провинциялық думаның депутаты болды. 2006-2010 жылдар аралығында Самара қаласын басқарды. 1990 жылдары Тархов бизнеспен айналысып, ЮКОС-та басшылық қызметтерде жұмыс істеген.