Путин Трамптан қорыққаннан Зеленьскиймен келіссөз жүргізуге келісті

МӘСКЕУ. 5 ақпан. Ресей диктаторы Владимир Путин Ақ үй егесінің соңғы сөздеріне секем алғаннан украин президентімен келіссөз жүргізуге көніп отыр. Бұл туралы ТАСС дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Трамптың кешелі бері жасаған бірқатар қатал мәлімдемелерінен кейін Мәскеу риторикасын шұғыл өзгертіп, жалпыға ортақ тәртіппен Украина басшысымен келіссөз жүргізуге әзір екенін баяндап үлгерді.
Бұған дейін Кремльдің көсемі базбір америкалық саясаткерлердің сөздерін іліп алып, Володимир Зеленьскийді «легитимді емес, яғни заңды президент емес, онымен келіссөз жүргізбеймін» деген шайтан қитұрқылықтарға барып, біраз қиғылық сала бастап еді. Ал Украина өз жерінде орыстардың салған соғысы салдарынан 2024 жылы президент сайлауын өткізе алмаған еді. Бірақ украин елінің Конституциясына сәйкес бұлары тағы заңды болатын. Себебі, онда соғыс жағдайы кезінде елде сайлау өткізуге тыйым салынған.
Ал Трамптың бұған шындап бел шешіп кіріскенінен зәресі ұшып кеткені сондай, Путин өзінің бұған дейінгі қоқан-лоққыға толы мәлімдемесін жоққа шығарып, енді Зеленьскиймен келіссөз үстелі басына отыруға дайын екенін айта бастады.
Трамптан қорыққан Кремль ұстанымын өзгертті
Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бүгін күтпеген жерден мәлімдеме жасап, Ресейдің Украинамен, соның ішінде президент Володимир Зеленьскийдің өзімен келіссөз жүргізуге дайын екенін жария етті. ТАСС оның сөздерінен дәйектемелер келтірді. Бұрын Путин мұндай мүмкіндіктің болуына үзілді-кесілді қарсы екенін білдіріп келгенімен, Кремль кенеттен оның Зеленьскиймен диалог жүргізуіне «рұқсат бере қойыпты». Осыған байланысты Песков Мәскеуде украин президентінің легитимді екеніне қатысты «мәселе» барын, бірақ енді мұның келіссөзді бастауға кедергісі бола қоймайтынын айтып, біраз ақталыпты.
Кремль өзінің Дональд Трамптың айналасымен байланыс жасалғаннан кейін ұстанымының осылай аяқ астынан өзгеріп отырғанын мойындады.
Трамп «қысым» жасап еді, Путин жүгіріп кетті
Бұдан алдын Путиннің өзі Зеленьский легитимді бола алмайды-мыс, сондықтан Ресей онымен келіссөз жүргізе алмайды, демек, Киевтің өзі бейбітшілік сұрап, келісімге шақыруы тиіс деп сандалған болатын.
Алайда, Кремль Трамптың әкімшілігімен байланысты күшейтіп алғаннан кейін ойларын өзгертіп, Зеленьскиймен келіссөз жүргізуге келісіпті-міс. Песков осыдан соң келіссөзді бастаудың мүмкін болғанын айтты. Трамптан қатты қорыққан Кремль енді оған ұнауға ұмтылып бағып жатыр.
Путин Трамптың шешімталдығынан сескенеді
Кремль Ақ үйге қайта оралған Трамптың табандылығы мен шешімталдығынан қаймығады. Мұны осы жағдай анық көрсетіп берді.
Ұзақ уақыт бір шешімге келе алмай, қипақтай берген Байденнен Трамптың бір артықшылығы оның батылдығы мен есерсоқтығы еді. Ол Путинге ешқандай таңдау қалдырмайтынын бірден байқатты. Сосын толық оқшауланып қалмас үшін Путин иілуге мәжбүр болды. Әуелгіде Мәскеу өзінше шешімтал секілді болып көрінгісі келіп еді, бірақ мынадан кейін ол тек мейлінше тиімді жағдайда келіссөз жүргізу үшін бүкіл әлем алдында кілт өзгеріп шыға келді.